Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында, Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Kazinform агенттігі 31 тамыз — 6 қыркүйек аралығындағы жаңа кадрлық тағайындауларға шолу ұсынады.
Апта басында Олжас Бектенов Премьер-Министр лауазымына қайта тағайындалды.
Олжас Абайұлы Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша үздік бітірген. ІІ дәрежелі «Айбын» (2014) және «Даңқ» (2021) ордендерімен наградталған.
Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасында бастады. Кейін Премьер-Министр Кеңсесінің заң бөлімінде, Президент Әкімшілігінде және Әділет министрлігінде жұмыс істеді. 2012-2014 жылдары Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің орталық аппаратында департамент басқарды. 2015-2018 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, Президент Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2018-2023 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары және төрағасы болды. 2023-2024 жылдары Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды. 2024 жылғы ақпанда Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Олжас Бектеновті Премьер-Министр етіп тағайындау туралы ұсынысын қолдады. Сол жылы Үкімет басшысы болып тағайындалды.
«Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы қызметіне Ләззат Танысбайтағайындалды.
Ләззат Танысбайдың телевизия және медиа саласындағы еңбек өтілі 30 жылдан асады. Әр жылдары ол «Астана» телеарнасын, «Нұр-Медиа» медиахолдингін, «Қазақстан» РТРК» АҚ-ны және «Бірінші арна Еуразия» телеарнасын басқарды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат вице-министрі қызметін атқарды.
«Хабар» агенттігінің» басқарма төрағасы ретінде Ләззат Танысбайға агенттіктің қалыптасқан әлеуетін сақтай отырып, оның негізгі қызмет бағыттарын кезең-кезеңімен жаңғырту, сондай-ақ «24KZ» телеарнасының еліміздің жетекші қоғамдық-саяси арнасы ретіндегі орнын нығайту міндеті қойылды.
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары болып Аида Балаеватағайындалды.
Аида Ғалымқызы Балаева 1974 жылы 4 шілдеде Алматы облысында туған. 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 2007 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. «Құрмет» (2010) және «Парасат» (2016) ордендерімен, сондай-ақ Өзбекстанның «Достық» орденімен (2024) марапатталған.
Еңбек жолын 1999 жылы Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бастады. 2002-2004 жылдары Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының, 2004-2008 жылдары Алматы қаласы бойынша ақпарат басқармасының бөлімдеріне жетекшілік етті. 2005-2008 жылдары Алматы қаласының ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, кейін директоры қызметін атқарды.
2008-2010 жылдары Астана қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы, 2010-2014 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болды. 2014-2019 жылдары Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін басқарды.
2019-2020 жылдары Президенттің көмекшісі — Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі, 2020-2022 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрі, 2022-2023 жылдары Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
2023 жылғы 2 қыркүйекте Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. 2025 жылғы 1 желтоқсанда Премьер-Министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне тағайындалды.
«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры болып Ержан Байтілестағайындалды.
Ержан Айтөреұлы Байтілес 1981 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған.
Қарымды қаламгер «Алматы ақшамы», «Алты Алаш», «Ана тілі», «Egemen Qazaqstan» секілді еліміздің іргелі басылымдарында тілші қызметін атқарып, журналистиканың барлық сатысынан өтті.2008-2011 жылдары республикалық «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болды. Кейін республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі болып жұмыс істеген.2018-2019 жылдары «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары болды.2019 жылы Президенттің баспасөз қызметі секторының меңгерушісі, 2021 жылдан 2023 жылға дейін Мемлекеттік кеңесші Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.Ал 2023 жылдан ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары қызметін атқарды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі лауазымынаРинат Мұхаметқали
тағайындалды.
ҚР Сыртқы істер министрі болып Мұхтар Тілеубердітағайындалды.
Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді 1968 жылы 30 маусымда дүниеге келген. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген. М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка институтында, сондай-ақ Корея Республикасындағы Йенсе университеті жанындағы Тілдер институтында білімін жетілдірген. Еңбек жолын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де философия тарихы және қытай филологиясы кафедраларында бастады.
Дипломатиялық қызметке 1993 жылы атташе ретінде келді. Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында Азия елдері басқармасының үшінші хатшысы, Азия департаментінің бірінші хатшысы, Екіжақты ынтымақтастық департаменті бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Кейін Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшілігінде екінші хатшы, Израильдегі Елшілігінде кеңесші, Президент Әкімшілігінде Мемлекеттік хатшының сыртқы саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі болды.
2003 жылы Сыртқы істер вице-министрі болып тағайындалды. 2004-2009 жылдары Қазақстанның Малайзиядағы, Индонезиядағы, Бруней-Даруссаламдағы және Филиппиндегі елшісі қызметтерін атқарды. 2009-2016 жылдары Қазақстанның Швейцариядағы елшісі, Лихтенштейн мен Ватикандағы елшісі, сондай-ақ Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі болды.
2016-2019 жылдары Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, 2019-2021 жылдары Сыртқы істер министрі қызметін атқарды. 2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы сәуірге дейін Премьер-Министрдің орынбасары — Сыртқы істер министрі болды.
2023 жылдан Қазақстанның Аустриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі әрі Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарды.
Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие. Ағылшын және корей тілдерін меңгерген.
Ермек Абдраманов Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары болып тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып Дәурен Қосанов тағайындалды.
Дәурен Жұматайұлы Қосанов 1990 жылы Армавир жоғары әскери ұшқыштар авиациялық училищесін, 2005 жылы Ю. А. Гагарин атындағы Әуе күштері әскери академиясын, 2013 жылы Ресей Қарулы Күштері Бас штабының әскери академиясын бітірген. Авиация генерал-лейтенанты.
Әскери қызметін Үшаралдағы истребительдік полктен бастады. Кейін Талдықорғандағы «Су-27» эскадрильясының командирі, Қарағанды авиация базасының штаб бастығы, Шымкент авиация базасының командирі қызметтерін атқарды.
2013-2019 жылдары Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы болды. 2019-2022 жылдары Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтын басқарды. 2022-2024 жылдары Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы, 2024-2025 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары — Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы қызметін атқарды.
2025 жылғы маусымда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, сондай-ақ «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі болып Ержан Сәденов қайта тағайындалды.
Ержан Сапарбекұлы Сәденов 1993 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, 1998 жылы ҚР ҰҚК Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Полиция генерал-лейтенанты.
Еңбек жолын 1993 жылы Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің қылмыстық іздестіру бөлімінде жедел уәкіл болып бастады. Кейін Өскемен қаласында қылмыстық іздестіру және аса қауіпті қылмыстарға қарсы күрес бөлімшелерінде басшылық қызметтер атқарып, Зайсан және Тарбағатай аудандарының ішкі істер органдарын басқарды.
2006-2009 жылдары ШҚО ІІД есірткі бизнесімен күрес басқармасының, Риддер және Өскемен қалалары ішкі істер органдарының басшысы болды. 2009-2013 жылдары Маңғыстау облысы ІІД бастығының бірінші орынбасары, 2013-2016 жылдары Ішкі істер министрлігі жүйесінде және Көліктегі ішкі істер департаментінде басшылық қызметтер атқарды.
2016-2019 жылдары Ақмола облысы полиция департаментін, 2019-2022 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментін басқарды. 2022-2023 жылдары Ішкі істер министрінің орынбасары болды.
2023 жылы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі болып тағайындалған еді.
Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Үкімет Аппаратының басшысы болып тағайындалды.
Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаев 1991 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, 1991-1994 жылдары осы университеттің аспирантурасын бітірген.
Дипломатиялық қызметін 1995 жылы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде атташе болып бастады. Кейін сол елшілікте үшінші, бірінші хатшы, кеңесші және кеңесші-уәкіл қызметтерін атқарды. 2004 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жанындағы Қазақстанның өкілетті өкілі, 2004-2006 жылдары Президент Әкімшілігінің Бас инспекторы болды. 2006-2008 жылдары Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарды.
2008-2016 жылдары Қазақстанның Литвадағы, Латвиядағы, Эстониядағы және Финляндиядағы елшісі болды. 2016-2019 жылдары Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.
2019 жылы және 2022 жылы Премьер-Министр Кеңсесін басқарды. 2023 жылдан Премьер-Министрдің орынбасары — Үкімет Аппаратының басшысы қызметін атқарып келеді.
«Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, сондай-ақ Латвияның «Крест признания» және Финляндияның Лев ордендерімен марапатталған.
Серік Жұманғарин Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі қызметіне қайта тағайындалды.
Серік Мақашұлы Жұманғарин 1969 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Мәскеу энергетика институтын, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және Халықаралық бизнес академиясын бітірген. 1993-2004 жылдары кәсіпкерлікпен айналысқан.
Мемлекеттік қызметке 2005 жылы Ақтөбе қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде басшы орынбасары ретінде келді. Кейін Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімін, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасы мен департаментін басқарды. 2008-2013 жылдары Индустрия және сауда, Экономикалық даму және сауда министрліктерінде басшылық қызметтер атқарып, 2013-2014 жылдары өңірлік даму вице-министрі болды.
2014-2017 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетін басқарды. 2017-2019 жылдары Ұлттық экономика вице-министрі, 2019-2020 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі қызметін атқарды. 2020-2022 жылдары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы болды.
2022-2023 жылдары Премьер-Министрдің орынбасары — Сауда және интеграция министрі, 2023 жылдан Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарды. 2024 жылғы желтоқсанда Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды.
Жаслан Мәдиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметіне қайта тағайындалды.
Жаслан Хасенұлы Мәдиев 2000-2004 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған. 2006-2007 жылдары Колумбия университетінің Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару мектебінде, 2015-2016 жылдары Массачусетс технологиялық институтының (MIT) Sloan бизнес мектебінде білімін жетілдірген.
Еңбек жолын Лондондағы «Morgan Stanley» инвестициялық банкінің бағалы қағаздар және облигациялар саудасы департаментінде жетекші трейдер болып бастады. Кейін Президент Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығында сарапшы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Қазынашылық департаментінің директоры қызметтерін атқарды.
Сондай-ақ «Kazyna Capital Management» АҚ және «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, Ұлттық банк директорының Монетарлық операциялар және активтерді басқару жөніндегі орынбасары, Премьер-Министрдің кеңесшісі болды. Ұлттық банк пен «Қазақстан темір жолы» АҚ құрылымдарында басшылық қызметтер атқарды.
2020-2022 жылдары Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары болды. 2022-2024 жылдары Binance Kazakhstan бас менеджері қызметін атқарды.
2025 жылғы 29 қыркүйекте Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен (2020), «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен (2011) марапатталған.
Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев 1976 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін және Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының докторантурасында білім алып жатыр.
Еңбек жолын 1997 жылы «Қазахойл-коммерция» ЖШС-де мұнай және мұнай өнімдері бойынша сарапшы болып бастады. 1998-2005 жылдары жеке коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды.
2005-2007 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары болды. 2007-2008 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, 2008-2013 жылдары Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарды.
2013-2021 жылдары Қызылорда қаласын басқарды. 2021-2022 жылдары Премьер-Министр Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болды.
2022-2026 жылдары Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарды.
Қанат Бозымбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып қайта тағайындалды.
Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Еңбек жолын сол жылы «Эдем Лтд» коммерциялық ұйымында экономист болып бастады.
1994-1997 жылдары Алматы қаласы әкімінің көмекшісі, 1997-1998 жылдары «ҚазТрансОйл» компаниясында басшылық қызметтер атқарды. 1998-2000 жылдары Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің Мұнай және газ департаментін басқарды. 2000 жылы энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, 2001-2007 жылдары «KEGOC» АҚ президенті болды.
2007-2009 жылдары «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» АҚ және «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. 2009-2013 жылдары Жамбыл облысының, 2013-2016 жылдары Павлодар облысының әкімі болды.
2016-2019 жылдары Энергетика министрі, 2019-2021 жылдары Президенттің көмекшісі, 2021-2022 жылдары Алматы облысының әкімі қызметтерін атқарды. 2023-2024 жылдары Президенттің кеңесшісі болды.
2024 жылғы 31 наурызда Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
«Құрмет», «Парасат», III дәрежелі «Барыс» ордендерімен және бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған. «ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі» атағы бар.
Мәди Такиев Қазақстан Республикасының Қаржы министрі болып қайта тағайындалды.
Мәди Төкешұлы Такиев 1978 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Д. Қонаев атындағы гуманитарлық университетін және Халықаралық бизнес университетін бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Ғылым министрлігі — Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтында бас есепші болып бастады. 2000-2014 жылдары салық органдарында түрлі басшылық қызметтер атқарып, Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша салық департаменттерінде, сондай-ақ Қаржы министрлігінің Салық комитетінде еңбек етті.
2014-2017 жылдары Мемлекеттік кірістер департаментінің Атырау облысы бойынша басшысы, 2017-2019 жылдары Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Салықтық бақылау департаментінің директоры болды. 2019-2020 жылдары Ұлттық экономика вице-министрі, 2020-2023 жылдары Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
2023-2024 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты әрі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды. 2024 жылғы 6 ақпанда Қаржы министрі болып тағайындалды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
Нұрлан Сауранбаев Қазақстан Республикасының Көлік министрі болып қайта тағайындалды.
Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев 1967 жылғы 20 мамырда дүниеге келген. 1991 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Саяси экономика» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын кәсіпкерлік саласында бастап, 1997-2011 жылдары теміржол және мұнай-газ салаларындағы ұлттық компанияларда жұмыс істеді. 2011 жылы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, 2014-2016 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары болды. 2017-2018 жылдары Шымкент қаласының әкімі, 2019-2021 жылдары Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Кейін «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болды. 2025 жылғы маусымда Көлік министрі болып тағайындалып, 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
Ерлан Сәрсембаев Қазақстан Республикасының Әділет министрі болып қайта тағайындалды.
Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев 1975 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Алматы энергетика және байланыс институтын, Д. Қонаев атындағы Гуманитарлық университетті бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы Қарулы Күштер қатарында офицер болып бастады. 2002-2011 жылдары Премьер-Министр Кеңсесі мен Парламент Сенаты Аппаратында түрлі қызметтер атқарды. 2011-2016 жылдары Ұлттық қауіпсіздік органдарында басшылық қызметтерде болды.
2016-2022 жылдары Парламент Сенаты Аппаратында бөлім меңгерушісі және басшы орынбасары қызметтерін атқарды. 2023-2025 жылдары Конституциялық Соттың судьясы болды.
2025 жылғы 9 қаңтарда Әділет министрі болып тағайындалды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып Мұрат Мұханов тағайындалды.
Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов 1985 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын және Ресей ТЖМ Санкт-Петербург мемлекеттік өртке қарсы қызмет университетін бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасында бас маман болып бастады. 2006-2014 жылдары осы салада түрлі қызметтер атқарды.
2014-2017 жылдары өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет бөлімдері мен басқармасын басқарды. 2017-2020 жылдары Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, 2020-2023 жылдары департамент бастығы болды.
2023-2024 жылдары ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы болды. 2024 жылғы сәуірден осы аптаға дейін Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментін басқарды.
Ерлан Ақкенженов Қазақстан Республикасының Энергетика министрі болып қайта тағайындалды.
Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженов 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Әділет» жоғары құқық мектебін және «Астана» университетін бітірген.
Еңбек жолын 2002 жылы «Қазмұнайгаз» сауда үйінде мұнай және мұнай өнімдерін экспорттау саласында бастады. 2002-2016 жылдары «Қазмұнайгаз» және оның еншілес компанияларында, сондай-ақ Болгария мен Румыниядағы мұнай-газ құрылымдарында басшылық қызметтер атқарды. 2016-2020 жылдары мұнай және мұнай өнімдерін өңдеу мен тасымалдау саласындағы жеке құрылымдарда жұмыс істеді.
2022-2023 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өнімдері маркетингі басқармасының басшысы, 2023-2025 жылдары Энергетика вице-министрі болды.
2025 жылғы 19 наурызда Энергетика министрі болып тағайындалды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
Ерсайын Нағаспаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып қайта тағайындалды.
Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев 2001 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2001 жылы Теміртау қаласы әкімінің аппаратында бастады. 2002-2006 жылдары Инвестициялар комитеті, Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде қызмет етті. 2006-2009 жылдары Көлік және коммуникациялар министрлігінде, «Ақтау теңіз халықаралық сауда порты» РМК-да және Премьер-Министр орынбасарының кеңесшісі қызметтерін атқарды.
2009-2013 жылдары Қарағанды облысы мен Шахтинск қаласында басшылық қызметтер атқарып, 2013-2014 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болды. 2014-2016 жылдары «Астана» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы, 2016-2020 жылдары «Новострой Астана» ЖШС стратегиялық даму жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарды.
2021-2025 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да басқарушы директор болды. 2025 жылғы 28 ақпанда Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалып, 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болып қайта тағайындалды.
Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова 1983 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін бітіріп, философия және саясаттану бойынша магистр, мәдениеттану бойынша PhD дәрежесін алған.
2012-2021 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жүйесінде түрлі қызметтер атқарып, Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің директоры болды. 2021-2025 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты қызметін атқарды.
2025 жылғы 29 қыркүйекте Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
Арман Шаққалиев Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі болып қайта тағайындалды.
Арман Абайұлы Шаққалиев Қостанай инженерлік-экономикалық университетін, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолында қаржы, экономика және мемлекеттік активтер саласында қызмет атқарды. 2008-2016 жылдары «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институтын», 2018-2019 жылдары Техникалық реттеу және метрология комитетін басқарды. 2020-2022 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі — Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі болды.
2022-2023 жылдары Сауда және интеграция бірінші вице-министрі қызметін атқарды. 2023 жылғы қыркүйекте Сауда және интеграция министрі болып тағайындалып, 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
«Құрмет» орденімен және бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған.
Нұржан Нұржігітов Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі болып қайта тағайындалды.
Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов 1967 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Ленинград ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін экономист мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1988 жылы өндіріс саласында бастап, кейін Жуалы ауданы әкімдігінде түрлі қызметтер атқарды. 2015-2019 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстар басқармаларын басқарды. 2019-2021 жылдары Байзақ ауданының әкімі, 2021-2022 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болды.
2022-2023 жылдары Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарды. 2023 жылғы 4 қыркүйекте Су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалып, 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
Ақмарал Әлназарова Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып қайта тағайындалды.
Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова 1967 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медицина институтын «Педиатрия» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда қалалық балалар ауруханасында дәрігер болып бастады. 1999-2004 жылдары Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасында басшылық қызметтер атқарып, 2001-2003 жылдары облыстық балалар ауруханасын басқарды. 2007-2013 жылдары Қызылорда медициналық колледжінің директоры болды.
2013-2014 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, 2014-2015 жылдары облыстық мәслихат хатшысы қызметін атқарды. 2015-2019 жылдары облыстың денсаулық сақтау басқармасын басқарды.
2020-2024 жылдары Парламент Сенатының депутаты болды. 2024 жылғы 6 ақпанда Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалып, 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі болып Әлібек Қуантыров тағайындалды.
Әлібек Сакенұлы Қуантыров Томск мемлекеттік университетін және Мичиган университетін бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бастады. Кейін Президент Әкімшілігінде және экономика саласындағы мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарды.
2021 жылы Ұлттық экономика вице-министрі, 2022-2024 жылдары Ұлттық экономика министрі болды. 2024 жылы «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры, кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.
Айдарбек Сапаров Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі болып қайта тағайындалды.
Айдарбек Сейпілұлы Сапаров 1966 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Омбы ауыл шаруашылығы институтын және М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастап, кейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде түрлі қызметтер атқарды. 2011-2019 жылдары облыс әкімінің бірінші орынбасары болды. 2019-2022 жылдары ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі қызметін атқарды.
2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, 2023 жылғы қыркүйекте Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
Асқарбек Ертаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қайта тағайындалды.
Асқарбек Маратұлы Ертаев 1977 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін және «Нұр» Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтын бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімдігінде бастады. 2000-2014 жылдары банк саласында жұмыс істеді. Кейін Ұлттық экономика министрлігінде және Президент Әкімшілігінде басшылық қызметтер атқарды.
2022-2023 жылдары Премьер-Министр Кеңсесінің экономикалық бөлімін басқарды. 2023-2024 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетіне төрағалық етті. 2024-2026 жылдары осы министрлікте вице-министр және бірінші вице-министр қызметтерін атқарды.
2026 жылғы 27 қаңтардан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарып келеді.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі болып Ербол Мырзабосынов қайта тағайындалды.
Ербол Қуантайұлы Мырзабосынов 1983 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын және Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін бітірген, PhD докторы.
Еңбек жолын 2005 жылы дене шынықтыру және спорт саласында бастап, Семейдегі жоғары оқу орындарында оқытушы және кафедра меңгерушісі болды. 2021-2023 жылдары Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры қызметін атқарды.
2023-2024 жылдары Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болды. 2024 жылғы 2 қыркүйекте Туризм және спорт министрі болып тағайындалып, 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі болып қайта тағайындалды.
Саясат Нұрбек 1981 жылы Семей қаласында дүниеге келген. АҚШ-тағы Маршаллтаун колледжін, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Италиядағы La Sapienza университетін бітірген.
Еңбек жолында Президент Әкімшілігінде, Мемлекеттік басқару академиясында және «Самұрық-Қазына» қорында басшылық қызметтер атқарды. 2010-2013 жылдары Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығын» басқарды.
2022 жылғы ақпанда Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, сол жылы Ғылым және жоғары білім министрі қызметіне тағайындалды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметіне қайта тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі болып Арман Қырықбаев тағайындалды.
Арман Оразбайұлы Қырықбаев 1976 жылы Астана қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Экономист» мамандығы бойынша және ҚР Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1996 жылы Сыртқы істер министрлігінде бастады. Кейін Мәдениет және ақпарат министрлігінде, Қарағанды облысы мен Алматы қаласы әкімдіктерінде басшылық қызметтер атқарды. 2012-2013 жылдары Мәдениет және ақпарат вице-министрі болды.
2020-2022 жылдары «Nur Otan» партиясының хатшысы, 2022-2024 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2024-2025 жылдары Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімін басқарды. 2025 жылғы ақпаннан Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының Құрылтайындағы Өкілдігінің басшысы болып Мұрат Қайырбек тағайындалды.
Мұрат Әділғазыұлы Қайырбек 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2003 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 2009 жылы Мемлекеттік басқару академиясын, 2012 жылы Ұлыбританияның Эксетер университетін бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы оқытушы болып бастап, 2004-2016 жылдары Парламент Мәжілісі Аппаратында түрлі қызметтер атқарды. 2016-2019 жылдары Президенттің Баспасөз қызметінде, 2019-2026 жылдары Президент Әкімшілігінде еңбек етті.
«Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшысы болып Мұрат Баймұқашев тағайындалды.
Мұрат Қалиұлы Баймұқашев 1994 жылы еңбек жолын ішкі істер органдарында бастап, кейін ІІМ жүйесінде басшылық қызметтер атқарды. 2009-2019 жылдары Премьер-Министр Кеңсесінің қорғаныс және құқық қорғау бағытына жетекшілік етті.
2019-2020 жылдары Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары, 2020-2021 жылдары ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, 2021-2022 жылдары Ішкі істер министрінің орынбасары болды.
2022 жылдан Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары және орынбасары қызметтерін атқарып келді. «Құрмет» және «Айбын» ордендерімен марапатталған.
Алматы облысының әкімі болып Шыңғыс Әрінов тағайындалды.
Шыңғыс Сайранұлы Әрінов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық қатынастар», Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ Азаматтық авиация академиясында білім алған.
Еңбек жолын 2006 жылы Мемлекеттік күзет қызметінде бастап, түрлі офицерлік және басшылық қызметтер атқарды. 2022-2024 жылдары Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары — Президент күзет қызметінің бастығы болды.
2024 жылғы ақпанда Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. 2026 жылғы 4 қыркүйекте Алматы облысының әкімі қызметіне келді.
Текелі қаласының әкімі болып Айдос Бекетаев тағайындалды.
Айдос Бекетаев мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2010 жылы Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімдігінде бастады. Кейін аудан әкімінің орынбасарына дейін көтерілді.
2023 жылғы қазаннан бастап Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды. 2026 жылғы 4 қыркүйекте Текелі қаласының әкімі болып тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі аппараты басшысының орынбасарлары тағайындалды.
Мемлекет басшысының өкімдерімен Нұржан Хажимұратұлы Каджиақбаров Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі аппараты басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды және бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.
Руслан Фатихұлы Жақсылықов Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды және бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.
Геннадий Иванович Зуев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды.
Айта кетейік, бұған дейін, 24-30 тамыз аралығындағы кадрлық тағайындауларды жазған едік.