Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Өтіп бара жатқан апта ішінде жергілікті әкімдіктер деңгейінде бірнеше кадрлық ауыс-түйіс болды

Тағайындау
Фото: Ақорда

Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментін Айрат Қарамұрзин басқаратыны белгілі болды. 

Бұрын ол осы ведомствода басшының орынбасары болып жұмыс істеген, содан кейін басшының міндетін атқарған.

Айрат Қарамұрзин — «электр энергетикасы» мамандығы бойынша техника және технологиялар магистрі, сондай-ақ «құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білімі бар.
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімі аппаратында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Балқаш қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Балқаш әкімінің орынбасары болған. 2022 жылдың қарашасынан бастап аумақтық энергетикалық қадағалау департаментінде жұмыс істеді.

Алматы облысы әкімінің өкімімен Ержан Әбілхасымұлы Сүлейменов облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ол 1979 жылы дүниеге келген, медицина ғылымдарының докторы.
Еңбек жолын 2003 жылы бастаған. Әр жылдары денсаулық сақтау ұйымдары мен медициналық білім беру мекемелерінде басшылық қызметтер атқарған.

2015–2017 жылдары Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болды. 

2024 жылдың шілдесінен бері «Global Health Solutions» ЖШС-да бас медициналық кеңесші болып жұмыс істеді.

Ал Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы болып Ғалымжан Өтелбайұлы тағайындалды. 

Ғалымжан Өтелбайұлы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Мемлекеттік халықаралық қазақ-түрік университетін және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын тәмамдаған, тарих магистрі.

Еңбек жолын БАҚ-та бастады. Қазақ радиосында қоғамдық-танымдық бағдарламалардың редакторы, сондай-ақ Қазақстан ҰТА редакторы болған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 

2012 жылы Қарағанды облысы мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, 2016-2018 жылдары Алматы қаласы мәдениет және мұрағаттар басқармасының басшысы болды. 2022-2024 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ әуендері» АҚ президенті қызметін атқарды.

Тараз қаласы Әулиеата ауданы әкімі болып Барлық Төреханов тағайындалды. 

Барлық Төреханов 1979 жылы дүниеге келген.

Еңбек жолын 2000 жылдан бастаған:

Соңғы жылдары Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы департаменті басшысының орынбасары және жоғарыда аталған комитеттің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы қызметтерін атқарған.

Соңғы жаңалықтар