Еліміздегі су айдындары 60 мың тоннаға жуық қоқыстан тазартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде табиғи ресурстарды сақтау және ішкі су айдындарының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған «Таза су айдындары» атты ауқымды экологиялық акция аяқталды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.

Елімізде балық шаруашылығы су айдындары 60 мың тоннаға жуық қоқыстан тазартылды
Фото: ҚР АШМ

Іс-шара барысында су айдындарынан және олардың жағалау аймақтарынан 60 мың тонна қоқыс пен иесіз балық аулау торлары жиналды.

Жағалау сызығының ондаған шақырымы тазартылды.

Негізгі мақсат — су экожүйелерінің тазалығын сақтау, биоресурстардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру. Акция қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру аясында өткізілді.

Шараға экология департаменттерінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, студенттер, еріктілер және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Жалпы акцияға 1100-ден астам адам, 170 техника бірлігі, оның ішінде 59 су көлігі жұмылдырылды.

Мұндай шараларды өткізу су сапасын жақсартуға, су айдындарының табиғи флорасы мен фаунасын қалпына келтіруге, сондай-ақ азаматтардың табиғатқа жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбе өңірінде 7300-ге жуық көшет егілді.

Соңғы жаңалықтар