Елімізде бидай мен жүгеріні өңдеуге арналған 5 ірі жоба іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — 2028 жылға дейін бидай мен жүгеріні өңдеуге арналған 5 ірі жоба іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты. 

Елімізде бидай мен жүгеріні өңдеуге арналған 5 ірі жоба іске қосылады
Фото: Азық-түлік келісімшарт корпорациясы

— Астықты терең өңдеуге ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде жылына 510 мың тонна қуаттылығы бар 3 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Өнім ассортименті: крахмал, глютен, патока, биоэтанол. 2028 жылға дейін бидай мен жүгеріні өңдеуге арналған қуаттылығы жылына 4,8 млн тонна болатын 5 ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Салаға салынатын инвестициялар көлемі — 2,6 млрд АҚШ доллары, 3,3 мың жаңа жұмыс орындары ашылады. Өнім ассортиментері аминқышқылдар, шәрбаттармен және дәрумендермен кеңейтіледі, — деді министр.

Оның айтуынша, инновациялық өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі жүгерінің егіс алқаптарын кеңейтуді көздейтін әртараптандыру шаралары аясында жүзеге асырылады.

— Қайта өңделген өнім үлесін арттыру мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Биыл жалпы сомасы 108,5 млрд теңге болатын 40 жоба пысықталды, оның ішінде 29 жоба іске қосылды. Бұл жобалар майлы дақылдарды, ет, жеміс, жүн өңдеу, құрама жем өндірісін және өзге де бағыттарды қамтиды, — деді ол. 

Айта кетелік биыл 9 айда 2,5 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды

Соңғы жаңалықтар