Елімізде бір грамм алтын қанша тұрады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда соңғы бір аптада алтынның бір грамы 3,4 мың теңгеден астамға қымбаттады.

алтын саудасы
Коллаж: Kazinform/ Midjourney

ҚР Ұлттық банкінің дерегінше, 27 тамыздағы жағдай бойынша бір грамм алтынның бағасы 68 184,27 теңге. Ал осыдан бір апта бұрын, яғни 20 тамызда оның бағасы 64 729,57 теңге болған. Осылайша, небәрі жеті күн ішінде алтынның бір грамы 3 454,70 теңгеге қымбаттап отыр.

Әлемдік нарықта да алтын бағасы өсіп келеді. Алтынның спот бағасы 0,8%-ға көтеріліп, бір троя унциясы 4 630,09 долларға жетті. АҚШ-та алтын фьючерстерінің бағасы 0,7%-ға өсіп, 4 685,50 доллар болды.

Бұған дейін Қазақстанның әлемдегі орталық банктер арасында алтынды ең көп сатып алған елдердің қатарына кіргені хабарланған. Дүниежүзілік алтын кеңесінің дерегіне сәйкес, 2026 жылдың екінші тоқсанында ҚР Ұлттық банкі елдің алтын қорын 15 тоннаға толықтырды.

Осы кезеңдегі алтын сатып алу көлемі бойынша Қазақстан орталық банктер арасында алғашқы бестікке енді.

Айта өтейік, бұған дейін бағалы металдың бағасы бір аптада 1200 теңгеден астамға төмендегені хабарланды.