Елімізде бір күнде үш орман өрті тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 2 шілдеде еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында үш орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.
Ведомство мәліметінше, оның біреуі Ақтөбе облысында, екеуі Шығыс Қазақстан облысында болған.
Ақтөбе облысындағы орман өрті толық сөндірілді.
Ал Шығыс Қазақстан облысындағы екі орман өртін оқшаулау жұмыстары жалғасып жатыр. Өрт ошақтары дер кезінде анықталып, оларды сөндіру жұмыстары жедел басталған.
- Оқиға орнында орман шаруашылығы қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың күштері және «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің мамандары жұмыс жүргізіп жатыр, - делінген ақпаратта.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өрт қауіпті маусымда табиғат аясында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, кеше «Семей орманында» найзағайдан екі өрт шықты.