Елімізде «еліктіргіш газды» таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда «еліктіргіш газды» таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі тиісті ұсыныстарды заң жобасына енгізген.
«Қазір Парламенттің қарауында әсері күшті заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін заң жобасы бар. Бұған түнгі клубтарда кездесетін «еліктіргіш газ» (веселящий газды) жатқызуға болады», - деді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрліктің апталық баспасөз мәслихатында.
Бұл тұрғыда ол қазір Ішкі істер министрлігі «еліктіргіш газға» жауапкершілік енгізуді жоспарлап отырғанын айтты
«Бұл заттар клубтарда еркін сатылып жатыр. Соған жауапкершілік енгізуді жоспарлап отырмыз. Күн сайын есірткінің жаңа түрлері пайда болып жатыр. Ғылыми техникалық жетістіктің мүмкіндіктерін пайдаланып, жаңа түрлерінің шығуына мүмкіндік бар», - деді ІІМ ресми өкілі.
Өз кезегінде ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің орынбасары Бақытжан Әмірханов адамның азғасына ауыр зиян келтіретін кейбір заттар бойынша қазір Қазақстанда жауапкершілік көзделмегенін айтты.
«Осыдан 2 жыл бұрын тізімге енгізілген. Бірақ «еліктіргіш газға» ешқандай қылмыстық та, әкімшілік те жаза ескерілмеген. Оны медицина тілінде закись азота дейді. Қазір ол тізімде тұр. Заң қабылданғанда оған қылмыстық жауапкершілік болады», - деді Б. Әмірханов.