Елімізде инсульт қаупі бар 5 мыңға жуық адам анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ми қан айналымының бұзылыстарын ерте анықтауға бағытталған жаңа бағдарламаларды енгізу нәтижелері туралы хабарлады.

Елімізде инсульт қаупі бар 5 мыңға жуық адам анықталды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

 Жыл басынан бері 50 жастан асқан 82 мыңнан астам ер азамат брахиоцефалдық тамырларды ультрадыбыстық зерттеу арқылы тексеруден өткен.

— Зерттеу қорытындысы бойынша шамамен 5 мың адамда (6%) бас және мойын тамырларының стенозы анықталды. Бұл — инсульттің негізгі қауіп белгілерінің бірі. Аталған патологияны дер кезінде анықтау ауыр асқынулардың алдын алуға, пациенттердің өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта пациенттердің 72,7%-ы ангиохирургтің консультациясын алған, бұл кадрлық әлеуетті одан әрі күшейту және мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді.

— Бағдарламаны іске қосу демографиялық және мінез-құлық факторларымен байланысты. Қазақстанда ерлер мен әйелдердің арасындағы өмір сүру ұзақтығының айырмасы 8 жылдан асады. Бұл көбінесе ерлер арасында қауіп факторларының — темекі шегу, төмен физикалық белсенділік және басқа да факторлардың жоғары таралуымен байланысты, — деп хабарлады ведомстводан.

2026 жылғы қаңтардан бастап ер азаматтардың арасында цереброваскулярлық бұзылыстарды ерте анықтауға арналған зерттеу әр 2 жыл сайын жүйелі негізде жүргізілетінін еске сала кетейік.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде профилактикалық бағдарламаларды жаңғыртты.

Атап айтқанда:

  • дәлелденген тиімділігі бар зерттеулер енгізілді (төмен тығыздықтағы липопротеидтер, триглицеридтер, гликирленген гемоглобин);
  • бейінді мамандардың негізсіз консультацияларын алып тастау арқылы пациенттерді бағыттау маршруттары оңтайландырылды;
  • мейіргерлердің өкілеттіктері кеңейтілді, оның ішінде ауытқулар болмаған жағдайда тексеруді аяқтау мүмкіндігі берілді;
  • зерттеуден өтетін азаматтардың жас шегі 76 жасқа дейін ұлғайтылды.

Іске асырылып жатқан шаралар денсаулық сақтау жүйесінің профилактикалық бағытын күшейтуге, ауруларды ерте анықтауға және жүрек-қантамыр және цереброваскулярлық аурулардан болатын өлімді төмендетуге бағытталған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша емделген пациенттердің саны 8,3%-ға артып (49 мыңнан 53 мыңға дейін), тромболизис жүргізу үлесі 11%-ға өсті, инсульттен болатын өлім 4%-ға төмендеді.

Қазіргі уақытта инсульттер қанайналым жүйесінің ауруларынан болатын жалпы өлім құрылымының 32%-ын құрайды.

Жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы екі айында қанайналым жүйесі ауруларынан болатын жалпы өлім 16,3%-ға төмендеді.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде инсульттан болатын өлім 4%-ға төмендегенін жаздық.