Елімізде Италияның бірнеше университетінің филиалы ашылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Талдықорғанда Италияның Марке политехникалық университетінің филиалы ашылады. Бұл туралы Ақордада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

— Ол толыққанды кампус, қазірдің өзінде ғимаратын, бағдарламасын әзірлеп қойдық. Онда Италиядан келген оқытушылар да жұмыс істейді. Айта кетерлігі, оларға өңір, табиғаты ұнады, — деді министр.
Оның атап өтуінше, мұнан бөлек Ғылым министрлігі Италияның тағы 2 жетекші университетімен келіссөз жүргізіп жатыр.
— Олар: Ла Сапиенца Рим мемлекеттік университеті мен Италиядағы жетекші технологиялық жоғары оқу орындарының бірі — Милан политехникалық университеті. Сонымен қатар Турин политехникалық университетімен де алдын ала уағдаластық болған еді. Турин — автомобиль жасау және өнеркәсіптік дизайн елордасы. Келесі жылы-ақ жақсы жаңалықпен қуантамыз деп үміттенемін, — деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар министр қыркүйекте Италия Президентінің Қазақстанға сапары жоспарланғанын, оның аясында жаңа келісімдер жария етілетіндігін айтты.
Еске сала кетсек, соңғы 3 жылдың ішінде елімізде ең мықты 38 шетелдік университеттің филиалы ашылды.