Елімізде қанша салық төлеуші бар
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда кәсіпкерлік белсенділік артып келеді. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша салық төлеушілер саны 2 млн 939 мыңға жетті.
Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 492 мыңға көп. Өзін-өзі жұмыспен қамту режимін қолданатын адамдардың саны да 688,6 мың адамға дейін өсті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында мәлімдеді.
– 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша салық төлеушілер саны 2 939 мыңға жетіп, жыл басынан бері 492 мыңға ұлғайды. Өзін-өзі жұмыспен қамту режимін қолданатын адамдар саны 688,6 мың адамға дейін өсті. Бұл халықтың экономикалық қызметке тартылуының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді, – деп хабарлады министрлік.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылы шағын және орта бизнестің елдің жалпы ішкі өніміндегі жалпы қосылған құн үлесі кемінде 38% болады деп болжанып отыр. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды есепке алмағанда, ШОБ саласында жұмыспен қамтылғандар саны кемінде 4 млн адамға жетеді деп күтіледі.
– Жалпы, ағымдағы үрдістер кәсіпкерлік белсенділіктің оң динамикасының сақталып отырғанын көрсетеді. Негізінен белсенді емес субъектілер санының қысқаруымен қатар жаңа субъектілердің, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың және ШОБ-ты кредиттеу санының өсуі бизнестің құрылымдық жаңару және қазіргі экономикалық жағдайларға бейімделу процесін көрсетеді, – деп атап өтті Ұлттық экономика министрлігі.
Министрліктің хабарлауынша, кәсіпкерлік саясатының тиімділігін бағалау кезінде бір ғана көрсеткішке сүйену жеткіліксіз.
– 2026 жылғы кәсіпкерлік саясатының тиімділігін бағалауда министрлік бірыңғай көрсеткішке емес, кешенді тәсілге негізделеді. Жаңадан құрылған және тұрақты жұмыс істеп отырған, яғни өміршең бизнестің арақатынасы, тұрақты жұмыс орындарының өсуі, салық түсімдерінің серпіні және еңбек өнімділігі негізгі нәтиже индикаторлары ретінде бірлесіп қарастырылады, – деп түсіндірді ведомство.
Айта кетейік, әлеуметтік төлемдер банк қосымшалары арқылы автоматты түрде ұсталады.