Елімізде қолөнер саласының нормативті базасы жоқ – Гүлдара Нұрымова

қолөнер
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Нарық саласында қолөнер өндіріс жүйесі ретінде өзінің жетекші позициясын жоғалтқанымен, ол әлемнің көптеген дамыған елдерінде әлі де қызмет етіп келеді. Аталған сала шағын кәсіпкерліктің бір бөлігі ретінде көптеген елдерде мемлекеттік қолдауға ие болып жүр. Ал бізде қолөнер саласының нормативті базасы қалыптаспаған. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Премьер-Министр орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында осы мәселеге тоқталды.

«Қазақ қолөнерінің тарихы терең. Ол халқымыздың ұлттық-мәдени бірегейлігі мен этномәдениетін сақтауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықаралық нарыққа шығуға қызмет етеді.Қазақ қолөнерінің пайда болу орталықтарының бірі – ежелгі Тараз қаласы. 2022 жылы Тараз Қазақстан қалаларының ішінде бірінші болып қолөнерші қалалардың дүниежүзілік тізіміне енді. Сондай-ақ, Қазақстанда орналасқан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміндегі 11 нысанның 5-уі Жамбыл облысында орналасқан. Бұл ауқымды оқиғалар өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін берді», - дейді депутат.

Қазір қолөнер кәсіпкерлікті қолдау тұрғысынан да, мәдени мұраны сақтау тұрғысынан да маңызды. Қолөнер шеберлігін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру маңызды. Сондықтан мемлекет оған жан-жақты көмек көрсете отырып, өз қамқорлығына алуы керек. 

«Қазіргі уақытта елімізде қолөнер саласының нормативті базасы жоқ. Туристік саланы дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 24-тармағына сәйкес 2023 жылдың соңына дейін тиісті министрліктер мен ведомстволарға қолөнершілікті дамыту жөнінде шаралар әзірлеу тапсырылған. Атап айтқанда, қолөнершілердің ұлттық тізілімін қалыптастыру, өзін-өзі реттейтін ұйым құру, қолөнер саласындағы заңнаманы жетілдіру, басым туристік аумақтарда қолөнершілер орталықтарын ашу, қолөнер өнімдерінің стандартын әзірлеу, қолөнершілерге арналған маркетплейсті дамыту міндеттері қамтылған. Осы мәселелер қолөнершілердің айтуынша ешқандай шешім таппады», - дейді Гүлдара Нұрымова.

Ұлтымыздың дәстүрлі мәдениетін қазіргі заман тенденцияларына сәйкестендіру маңызды мәселе екенін айтқан депутат оны шешу үшін шараны қолға алуды ұсынды. Атап айтқанда, қолөнер саласына мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген несие қарастыру, қолөнершілерге цехтарын жалға алуға жеңілдік беру, халықаралық тәжірибені ескере отырып, әр өңірде тәжірибелі шеберлердің білімін кейінгі буынға беруі үшін балалар үйірмелері бар, көрме залдары бар қолөнер орталықтарын құру. Сонымен қатар қазақстандық қолөнершілердің «Шебер» республикалық байқауы жеңімпаздарының коллекциясы негізінде заманауи қолданбалы өнер мұражайын құру. Материалдар мен жабдықтарды сатып алуға, шеберханаларға үй-жайларды жалға алуға гранттар арқылы қолөнершілерге мемлекеттік қолдау көрсету.

Соңғы жаңалықтар