Елімізде өлім-жітім азайып, өмір сүру ұзақтығы артты — министр
АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде бірқатар нақты өзгерістер жүзеге асырылып, негізгі медициналық көрсеткіштер жақсарды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қабылданған жүйелі шешімдердің нәтижесінде елде жалпы өлім-жітім деңгейі 2,6%-ға, онкологиялық аурулардан болатын өлім 6,3%-ға төмендеген. Ал сәбилер өлімі тарихи ең төменгі деңгейге жетіп, 18,7%-ға қысқарған.
Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 75,8 жасқа дейін өсті.
- Сондай-ақ Қазақстан БҰҰ-ның Адами даму индексінде 7 сатыға жоғарылап, 193 елдің ішінде 60-орынға көтерілді.
2025 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған заң қабылданды. Соның нәтижесінде 1 миллионға жуық адам қосымша медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болады. Онкологиялық скринингтер кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне ауыстырылып, сақтандырылмаған азаматтарды қамту аясы кеңейтілді, - деді Әлназарова.
Министр медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау шараларының да күшейтілгенін атап өтті. Енді дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар елде алғашқы медициналық көмек, ана мен бала денсаулығын сақтау бағыттары күшейтіліп, онкологиялық қызмет жаңғыртылған. Орталық Азиядағы алғашқы протондық терапия орталығы іске қосылып, ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Министрдің айтуынша, аталған шаралардың барлығы халықтың денсаулығын жақсартуға және медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, 2026 жылға 567 млрд теңгеге дәрілік заттар сатып алынды.