Елімізде сейсмикалық аудандастыру картасын әзірлеу қолға алынды ма
АЛМАТЫ.KAZINFORM – Алматы және Өскемен қалаларына шағын сейсмикалық аудандастыру карталары жасалды. Бұл туралы Kazinform агенттігіне Ұлттық сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Елизавета Есенжігітова айтты.
«Сейсмикалық жалпы, нақты және шағын аудандастыру карталарын сейсмикалық қауіпті өңірлерге және елді-мекендерге жасау жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы жылдары, атап айтқанда Қазақстан аумағы үшін жалпы аудандастыру картасы, Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс-Казақстан және Жамбыл облыстарының нақты сейсмикалық аудандастыру, Алматы және Өскемен қалаларына шағын сейсмикалық аудандастыру карталары жасалды. Алдағы 2024-2026 жылдары Тараз қаласына шағын сейсмикалық аудандастыру, Түркістан мен Маңғыстау облыстарына нақты сейсмикалық аудандастыру карталарын жасау көзделген», – дейді ол.
Елизавета Есенжігітованың айтуынша, жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде жасалған карталар, аталмыш өңірлер мен елді-мекендерде сілкініске төзімді құрылыс жұмыстарын жүргізуге негіз болады.
Еске салайық, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген болатын.
Құжат еліміздің сейсмологиялық қауіпсіздігін нығайту бойынша ауқымды шараларды іске асыруды көздейді. Олардың ішінде мониторингті айтарлықтай күшейту, ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзімділігін қамтамасыз ету, жаңа цифрлық технологияларды енгізу, кадрларды даярлау деңгейін арттыру және тағы басқасы бар.
Осылайша, 15 сейсмикалық аудандастыру картасы әзірленетін болады, бұл еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлеріндегі жер сілкінісі ошақтарының 70%-ын болжауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ олар аталған аумақтардағы ғимараттар мен құрылыстарды паспорттауға және жаңа құрылыс нормаларын әзірлеуге негіз болады.
Осыған дейін Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков Қазақстанда құрылыс сейсмикалық ережеге сәйкес жүргізілетіні туралы айтқан еді.