Елімізде шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7% өсті

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тіркелген шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 178,9 мың бірлікті құрады және алдыңғы жылмен салыстырғанда 7% өсті. Бұл ретте оның 2 002,2 мың бірлігі - жұмыс істеп тұрғандар. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Коллаж МСБ
Коллаж Kazinform

Жұмыс істеп тұрған субъектілер үлесі:

68,4% — дара кәсіпкерлер
18% — шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалары
13,5% — шаруа не фермер қожалықтары
0,1% — орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар

Жұмыс істеп тұрған субъектілердің 35,1% саудамен, 15,6% басқа да қызмет түрлерімен, 14,3% ауыл шаруашылығымен айналысады.

«Шағын орта кәсіпкерлік секторында елдің экономикалық белсенді халқының жалпы санының 45,6% еңбектенеді. Мұнда жұмыспен қамтылғандардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 5,3% өсіп, 4 326 мың адамды құрады», - делінген хабарламада.

2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте республика бойынша ЖІӨ ШОК үлесі 36,5% құрады және алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,5 пайызға өсті.