Елімізде шылым шегетіндер азайып, вейп пен электронды темекіге әуестенушілер саны артқан
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Кейінгі жылдары Қазақстанда темекі шегетіндер саны 30 пайызға азайды. Бұл көрсеткіш – зиянды әдеттің алдын алуға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралардың тиімділігін көрсетеді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Роза Тәтиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, елде темекі тұтынатындардың саны 30 пайызға азайды. Одан бас тартқан жастар жағы спортпен айналысып, шығармашылыққа бет бұрған. Алайда спикер вейп пен электронды шылымға әуес тұрғындардың көбейіп жатқанын, әсіресе бұл өнімдердің жасөспірімдер арасында кең тарағанын атап өтті.
– Кей жастар кальянды қауіпсіз деп қабылдайды. Алайда бір рет кальян шегу — 100 темекі тартқанмен тең. Оның түтінінде никотин, шайыр және ауыр металдардың мөлшері темекіден 3–5 есе көп болуы мүмкін, - дейді спикер.

Кальянды жабық бөлмеде шеккенде, оның түтіні инфекциялық аурулардың таралуына жағдай жасайды. Ал бір мүштікті бірнеше адамның қолдануы — жұқпалы аурулар үшін тікелей жол.
– Кальян – ағзаны улайтын құрал ғана емес, жастарды тәуелділікке итермелейтін әлеуметтік құбылыс. Ол темекіден де қауіпті, - деді Роза Тәтиева.
Сарапшылардың пікірінше, адам зиянды әдеттен неғұрлым ертерек бас тартса, оған қайта оралу ықтималдығы соғұрлым азаяды. Сондықтан жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау — мемлекет пен қоғамның ортақ әрі маңызды міндеті.
Айтуынша,темекіден бас тартқысы келетіндер үшін еліміздің емханаларында 86 арнайы кеңес беру кабинеті жұмыс істейді.
Бұған дейін Алматыда 18 мыңнан астам қорап заңсыз темекі өнімі анықталғаны туралы жазғанбыз.