Елімізде шілдеден бастап ҮЕҰ-ға мемлекеттік грант беру ережелері жаңартылады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл шілде айынан бастап Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) мемлекеттік гранттарды әзірлеу, беру, мониторинг жүргізу және тиімділігін бағалау бойынша жаңартылған Ережелер күшіне енеді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұл — азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік қолдау жүйесін барынша ашық, нәтижелі әрі ыңғайлы етуге бағытталған гранттық жүйені реформалаудың соңғы кезеңі. Реформа аясында нормативтік-құқықтық база да, негізгі операциялық рәсімдер де жаңартылып, әлеуметтік әсерге бағдарланған және қаржыландыру үлгісіне көшу жүзеге асты.
Жаңартылған Ережелер тұрақты әлеуметтік нәтижелерге қол жеткізуге, рәсімдердің ашықтығына және мүдделі тараптардың белсенді қатысуына басымдық береді.
Негізгі жаңалықтар:
– Екі кезеңді іріктеу механизмі:
Енді жобалар алдымен тәуелсіз сараптамалық бағалаудан өтеді, содан кейін Оператор, Тапсырыс беруші және ҮЕҰ өкілдері қатысатын конкурстық комиссия шешім қабылдайды. Бұл тәсіл субъективтілікті азайтып, барлық тараптардың қатысуын арттырады.
– Әкімшілік шағымдану мүмкіндігі:
Конкурстық іріктеу нәтижелерін сотқа жүгінбей-ақ әкімшілік тәртіппен шағымдануға болады. Бұл рәсімдерге деген сенімді арттырып, шағымдарды жедел қарауға жағдай жасайды.
– Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейту:
Енді әкімдіктер 3 жылға дейінгі орта және ұзақ мерзімді гранттар бөле алады. Бұл аймақтық деңгейде әлеуметтік маңызы бар бастамаларды тұрақты, болжамды әрі стратегиялық жоспарлауға мүмкіндік береді.
– Жобаларды бағалау критерийлерінің жаңаруы:
Енді жобалар сапалық көрсеткіштерге — күиілетін әлеуметтік әсерге, мақсатты аймақты қамту ауқымына, аудиторияны тарту деңгейіне және бастамаларды жүзеге асыру қолжетімдігіне қарай бағаланады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде грант алушыларға әдістемелік және әкімшілік қолдау көрсетуді жалғастырады.
Айта кетейік, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ төрайымы Лима Диас ҮЕҰ-ды мемлекеттік қаржыландыру жайын, оның қалай жұмыс істейтінін және мемлекеттік емес секторда мемлекеттік қаржыландыруды бөлу кезінде тәртіптер мен заңдылықтардың сақталуына кім жауап беретініне қысқаша тоқталды.