Елімізде тамыз айында бес ірі фестиваль өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Тамыз айында Астана мен төрт өңірде туристерге арналған бес ірі фестиваль мен шоу өтеді. Бұл туралы Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев айтты.
Ведомство мәліметінше, тамыз айында Астана қаласы, Атырау, Қостанай, Маңғыстау және Алматы облыстарында туристерді тартуға бағытталған бес ірі іс-шара ұйымдастырылады.
– Олардың қатарында 1 тамызда Қостанай облысында өтетін «Qostanai Dala Fest» агрофестивалі, 6–9 тамыз аралығында елордадағы «Comic Con Astana» гик-фестивалі, 15 тамызда Маңғыстау облысындағы «Aq maya Fest» шұбат фестивалі, 15–16 тамыз күндері Атырау облысындағы «ЛОТОС» экологиялық фестивалі және 16 тамызда Алматы облысында өтетін «Байсерке аспаны» авиашоуы бар, - деді спикер.
Сонымен қатар ол халықаралық аудиторияның қызығушылығын тудыратын ерекше бастамаларға да қолдау көрсетілетінін атап өтті.
– Соның бірі – Drive Forum GREAT ORDA фестивалі. Mad Max постапокалипсис әлемі стилінде өтетін іс-шараға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден 1,5 мыңнан астам саяхатшы мен белсенді демалыс әуесқойы келеді деп жоспарланып отыр, - деді спикер.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында алғаш рет «Алакөл алаулары – 2026» мәдени-туристік фестивалі өткен еді.