Елімізде туберкулездің алдын алу айлығы жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл сайынғы дәстүрлі науқан 24 наурыз Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күнінде аяқталмақ.

Жанна Пралиева
Фото: Астана қаласының коммуникациялар қызметі

Бұл жөнінде Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

– Туберкулез емделетінін атап өткен жөн. Әсіресе, бұл ауру ерте кезінде анықталып, науқас дер уақытында ем қабылдаса, ем-дом жақсы нәтиже береді, – деді ол.

Маман ересектерді флюрографиялық және профилактикалық-медициналық тексерістен өтіп тұруға шақырды. Ал балалар оқтын-оқтын туберкулиндік диагностикадан өту керектігін еске салды.

– Ата-аналарды eGov күнтізбесіне сәйкес балаларына уақытылы вакцина салғызуға шақырамыз. Сонымен қатар, тұрғындарды уақытылы профилактикалық тексеруден өтуге шақырамыз, – деді Ж. Пралиева.

Бұдан бөлек ол туберкулездің басты белгілерін де атап өтті: ұзақ уақыт жөтел, дене қызуының көтерілуі, салмақ жоғалту. Мұндай жағдайда дереу дәрігерге қаралған жөн.

– Медициналық көмекке ерте жүгіну тек сауығып кетуіңізге ғана емес, инфекцияны жақын адамдарыңыз бен айналаңызға таратпауға да мүмкіндік береді, – деді маман.

Сонымен бірге ол аурудың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстануға, жеке гигиенаны сақтауға және иммунитетті нығайтуға кеңес берді.

Айта кетейік бұған дейін Қазақстанда туберкулезден болатын өлім-жітім бес есе азайғанын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар