Елімізде түрмеден шыққандардың қайта қылмыс жасамауы үшін қандай шаралар қабылданып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитеті ресми сауалымызға жолдаған жауабында жуырда амнистияға іліккендер жайлы статистиканы бөлісті. Сондай-ақ, бостандыққа шыққан соң, олардың қайта қылмыс жасамауы үшін қандай мүмкіндіктер берілетінін мәлімдеді.
– «ҚР жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңын іске асыру мәселесі Ішкі істер министрлігі мен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің тұрақты бақылауында. Бүгінгі таңда соттар мыңнан астам материалды қарады. Нәтижесінде, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 970 адам босатылды. Бостандыққа шыққаннан кейін оларға әкімшілік қадағалау белгіленеді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, пробация қызметінің есебінде тұрған тағы 947 азамат жазасын одан әрі өтеуден босатылды. Бұдан бөлек, абақтылардағы 1000-нан астам сотталған адамның жазалау мерзімі қысқартылды.
Жазасын өтеушілер еркіндікке шыққанан кейін, оларды қоғамға бейімдеу тетіктері де қарастырылған.
– 2025 жылы Қылмыстық кодекстің 44-бабына өзгерістер енгізіліп, пробациялық бақылауда тұрған адамдардың міндеттері кеңейтілді. Атап айтқанда, жұмыспен қамту органдарында тіркелу, үйде болудың белгіленген уақытын сақтау және психобелсенді заттарды қолдануға тыйым салу талаптары енгізілді. Қабылданған шаралар сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге, олардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етуге және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған, – делінген ресми жауапта.
ҚАЖ комитетінің мәлімдеуінше, жүйені одан әрі дамыту мақсатында инвестициялар тарту және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды жолға қою жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында түрмеден қашып кеткен адам ұсталғанын жазғанбыз.