Елімізде ұлттық жоба шеңберінде 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жоспарланған 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының құрылысы аяқталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Елімізде ұлттық жоба шеңберінде 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды
Фото: Үкімет

Ұлттық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылады және үш негізгі міндетті көздейді: ауылдық елді мекендерде МСАК ұйымдарының желісін дамыту, шұғыл медициналық көмек көрсетуді уақтылы қамтамасыз ету және ауылдық медициналық ұйымдарды кадрлармен жасақтау.

2023-2025 жылдарға арналған бірінші міндет шеңберінде медициналық пункттерді, фельдшерлік-акушерлік пункттерді және дәрігерлік амбулаторияларды қоса алғанда, 655 МСАК нысанын салу көзделген. Бүгінгі таңда барлық нысандардың құрылысы аяқталды.

Жобаны іске асыру кезеңінде 2023 жылы 99 МСАК нысаны, 2024 жылы 361 нысан және 2025 жылы 195 нысан салынды. Жаңа ғимараттар ескірген инфрақұрылымды ауыстыруға, сондай-ақ денсаулық сақтаудың бастапқы буыны бұрын болмаған елді мекендерді медициналық нысандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар ұлттық жобаның екінші міндеті шеңберінде 32 аудандық аурухананы көпбейінді аудандық орталық ауруханалар деңгейіне дейін жаңғырту көзделген. Нысандардың бір бөлігі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, қалғандары бойынша реконструкциялау, қосымша құрылыстар салу және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Осылайша, ауылдық жерлерде медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының желісін құру бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының бірінші міндеті толық көлемде орындалды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістанда қараусыз қалған 70 нысан анықталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар