Елімізде үй жануарларын ұстау ережелері өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 6 тамыздағы бұйрығы бойынша, үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары өзгерді.
— Үй жануарын одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда, үй жануарының иесі немесе жауапты тұлға оны әрі қарай орналастыру шараларын қабылдайды. Оның ішінде жануарды жануарларға арналған панажайға, жануарларды уақытша ұстау пунктіне немесе оны ұстауға қажетті жағдай жасай алатын жеке немесе заңды тұлғаларға беруі мүмкін, — делінген құжатта.
Ескеретін маңызды жайт — үй жануарынан бас тартса да, иесі немесе жауапты тұлға оған қатысты міндеттерінен босатылмайды. Басқа адам асырап алса, немесе жануарларға арналған панажайға жіберілсе ғана иесінен аталған жауапкершілік алынады.
Сонымен қатар, үй жануары уақытша ұстау пунктіне берілсе, иесі немесе жауапты тұлға оның ары қарай қайда жіберілетіні анықталғанға дейін күтіп-бағуға міндетті.
Бұйрық 24 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін елде жануарларды қорғау талаптары күшейтілетінін жазғанбыз.