Елімізде волонтерлікті дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда волонтерлікті қолдаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Құжат еріктілік қозғалысын одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындап, салалық волонтерлікті күшейтуді көздейді. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің басшысы Айбек Досымбетов айтты.
Оның айтуынша, тұжырымдамаға енгізілетін маңызды бағыттардың бірі – салалық волонтерлікті дамыту.
– Волонтерлік қызмет 14 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта оның 12 бағыты бойынша әдістемелік құралдар әзірленді. Өткен жылы 8 бағытқа, биыл тағы 4 бағытқа арналған әдістемелер дайындалды. Бұл құжаттар әр саладағы еріктілердің жұмысын жүйелеуге мүмкіндік береді, - деді спикер.
Оның сөзінше, мысалы, экология бағытындағы еріктілер экология департаменттері мен салалық мамандармен бірлесіп өңірлердегі экологиялық мәселелерді шешуге атсалысады.
Ал білім саласындағы волонтерлер білім басқармаларымен, медицина бағытындағы еріктілер денсаулық сақтау ұйымдары және дәрігерлермен бірлесіп жұмыс жүргізеді.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар өз құзыретіндегі волонтерлік ұйымдармен тұрақты байланыс орнатып, еріктілерді арнайы оқытуды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл волонтерлік қызметтің сапасын арттырып, оның тұрақты дамуына серпін береді.
– Жалпы бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде еріктілік қозғалысы қарқынды дамып келеді. Егер 2020 жылы елде 224 волонтерлік ұйым жұмыс істесе, 2025 жылға қарай олардың саны 800-ден асты. Белсенді еріктілердің қатары 300 мыңнан асып, өңірлерде 3,5 мыңға жуық бастамашыл топ жұмыс істейді, - деді Айбек Досымбеков.
Қазіргі таңда волонтерлер әлеуметтік қолдау, экология, денсаулық сақтау, білім беру, туризм және төтенше жағдайлардың салдарын жою бағыттарында қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар Ұлттық волонтерлік желі жыл сайын 60 мыңнан астам еріктіні біріктіріп, Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық серіктесі ретінде жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, жуырда Павлодарда волонтерлік қозғалысқа арналған халықаралық форум өтті. Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь және Әзербайжан мемлекеттерінен, сондай-ақ Астана қаласы мен Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарынан өкілдер арнайы қатысты.