Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елімізде жаңғыртылған 70 теміржол вокзалы пайдалануға берілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жаз басталғалы бері қайта жаңғыртудан өткен 70 теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Оның 40-ы шілде айында ашылды. Жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан елдегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бағдарламасы аясында іске асырылуда, деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

в
Фото: Көлік министрлігі

Қайта жаңғырту аясында ірі өңірлік вокзалдармен қатар шағын станциялар да жаңартылды. Ең ауқымды жұмыстар Ақмола облысында жүргізіліп, мұнда 12 вокзал жөнделді. Қарағанды облысында 11 нысан жаңартылды. Оның ішінде жолаушылар платформалары мен Қарағанды – Сортировочная станциясының инфрақұрылымы бар.

Сонымен қатар қайта жаңғырту жұмыстары Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Ұлытау облыстарында жүргізілді.

– Қайта жаңғырту барысында нысандардың техникалық жағдайына қарай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді немесе жаңа жолаушылар кешендері салынды. Бірқатар станцияларда ескі ғимараттар бұзылып, олардың орнына жаңа вокзалдар бой көтерді. Басқа нысандарда вокзалдардың аумағы кеңейтіліп, көтергіш конструкциялар күшейтіліп, конкорстар салынды, сондай-ақ жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары қайта жаңғыртылды, – делінген министрлік хабарламасында.

Барлық нысанда шатырлар мен қасбеттер жаңартылып, кәріз, су, жылу, электрмен жабдықтау және байланыс жүйелері ауыстырылды. Ғимараттардың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, іргелес аумақтар абаттандырылды. Вокзалдарға заманауи жиһаздар, навигациялық жүйелер, желдету және кондиционерлеу жүйелері, бейнебақылау камералары, өрт және күзет дабылдары, қолжетімділікті бақылау жүйелері, интроскоптар мен металл іздегіштер орнатылды.

Ерекше назар кедергісіз орта қалыптастыруға аударылды. Вокзалдар пандустармен, лифттермен және көтергіш құрылғылармен, тактильді навигациямен, қызметкерлерді шақыру жүйелерімен, санитарлық бөлмелермен және ақпараттық көрсеткіштермен жабдықталды.

Бірқатар нысандардың аумағы да едәуір кеңейтілді. Атап айтқанда, Орал станциясы вокзалының аумағы 5 778 шаршы метрден 6 346 шаршы метрге дейін, Шетпе станциясында 201 шаршы метрден 1 090 шаршы метрге дейін, Шалқар станциясында 472,8 шаршы метрден 833,6 шаршы метрге дейін, Қазыбек бек станциясында 82,3 шаршы метрден 236,7 шаршы метрге дейін, ал Жетісу станциясында 135,7 шаршы метрден 258,3 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Ақшы станциясында жаңа заманауи аялдау павильоны салынса, Теміртау станциясында жолаушылар платформасы қайта жаңғыртылды.

– Жаңартылған вокзалдар күн сайын ондаған мың жолаушыға қызмет көрсетіп, Қазақстанның барлық өңірлері арасындағы, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен теміржол қатынасын қамтамасыз етеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде теміржол вокзалдары барлық санаттағы жолаушылар үшін жайлы әрі қолжетімді бола түсті. Бұл көлік қызметтерінің сапасын арттыруға және жолаушылар тасымалын дамытуға ықпал етеді, – деп атап өтті министрлік.

Айта кетейік, бұған дейін өңірлерде жаңа вокзалдар, су құбыры, логистикалық хаб және тұрғын үйлер пайдалануға берілгені хабарланды.