Елімізде жемқордың туыстарының да мүлкін тәркілеу ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған күдіктінің туыстарының да мүлкі тәркіленуі мүмкін. Бұл жазадан аман қалу үшін айыптының жақындары өз мүлкінің заңды жолмен алынғанын дәлелдей алуы керек. Тиісті ұсынысты Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.

— Жақында ақшаны жылыстатуға қарсы маңызды заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымына шығарылады. Оған ФАТФ (Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес үшін қаржылық амалдарды әзірлеуші топ — ред.) халықаралық ұйымы ұсынған 100 құқықтық норма енгізілді. Біздің еліміз үшін «кеңейтілген тәркілеу» институты аса маңызды. Әлемде дәл біздегідей ұрлық көлемі болмаған. Сондықтан мен Бас прокурор Берік Асыловқа осы мәселе бойынша қолдау көрсету туралы хат жолдадым, — деп жазды мәжілісмен Facebook-тегі парақшасында.
Депутаттың айтуынша, әлем елдерінің түгелге жуығы ФАТФ — халықаралық көлеңкелі экономика және ақшаны жылыстатумен күрес ұйымының ұсынымдарын заңнамаға енгізген. Ал Қазақстанда олигархтардың лоббистері бұл жаңашылдықты тежеп, түрлі сылтаумен кедергі келтіріп келеді.
— Қазіргі таңда бұл норма болмағандықтан және байлығы үшінші тұлғаларға рәсімделгендіктен көптеген күдікті жауапкершіліктен құтылып кетіп жатыр. Осылайша олардың мүлкі толық тәркіленбейді, ал сотталғандар болашақта үшінші тұлғаларға, яғни туыстарына, көңілдестеріне жазылған мүлік пен қаржыны пайдаланып, жайбарақат өмір сүреді, — деп жазады Бәшімов.
Оның сөзінше, «кеңейтілген тәркілеу» жазасы тек мүлкін заңды түрде тапқанын дәлелдей алмайтын адамға қолданылады.
— Ұсынылатын механизм мынадай: алдын ала тергеуге алынған адамнан басқа мүлкін заңды жолмен алғанын дәлелдеуді талап етіледі. Егер дәлелдей алмаса, ол мүлік тәркіленеді, — делінген жазбада.
Одан бөлек, депутат бұл норманың қолданылу аясын тек белгілі бір мемлекеттік және саяси қызметшілермен, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдарда әкімшілік-басқарушылық және шаруашылық-функционалдық міндеттер атқаратын адамдармен шектеу қажет екенін атап өткен.
Айта кетейік, жуырда Президент сөгісінен кейін Көлік министрлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізетінін жазған едік.