Елімізде жерасты суларын басқарудың жаңа тұжырымдамасы қабылданбақ
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жерасты суларын кешенді пайдалану және басқарудың 2027–2040 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Қазір құжат мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Оны биылғы жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланған.
Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – жерасты су көздерін экономиканың барлық саласында кеңінен пайдалану және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау.
– Елімізде жерасты су ресурстарының елеулі қоры бар. Бекітілген пайдалану қоры тәулігіне 43,2 млн текше метрді немесе жылына 15,7 текше шақырымды құрайды. Оның 21,2 млн текше метрге жуығы шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға, 2,4 млн текше метрі өндірістік-техникалық сумен жабдықтауға, 19,6 млн текше метрі жер суаруға арналған, – деді Талғат Момышев.
Вице-министрдің мәліметінше, нақты пайдалану көлемі тәулігіне шамамен 1,5 млн текше метр немесе бекітілген қордың 3,5%-ын ғана құрайды. Ал жерасты суларын суару мақсатында пайдалану деңгейі 2%-дан төмен.
Жерасты суларының болжамды ресурстары тәулігіне 176,1 млн текше метрді құрайды. Бұл барланған пайдалану қорынан төрт еседен астам көп.
Министрлік өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму келешегін ескере отырып, жерасты суларын іздеу және бағалау жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Бұл қорларды кезең-кезеңімен зерттеуге, бағалауға және шаруашылық айналымға тартуға мүмкіндік береді.
– Осы бағытта 2024 жылы министрлік жанынан Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды. Қызмет жерасты су қорларын іздеу және бағалау, иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және консервациялау, жерасты суларына мониторинг жүргізумен айналысады. Сондай-ақ суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін бақылап, бағалайды, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін жерасты суын суару үшін пайдаланатын шаруаларға салық жүктемесін азайту ұсынылғаны хабарланған еді.