Елімізде жыл сайын 4 мыңға жуық бала жүрек ақауымен дүниеге келеді
Қазақстанда жыл сайын 4 мыңға жуық бала туа біткен жүрек ақауымен өмірге келеді. Бұл туралы UMC Клиникалық академиялық педиатрия департаментінің директоры, штаттан тыс бас балалар кардиологы Татьяна Иванова-Разумова айтты.
Маманның сөзінше, олардың шамамен мыңына өмірінің алғашқы күндері немесе алғашқы айында ота жасау қажет.
— Қазақстанда жыл сайын шамамен 400 мың сәби дүниеге келеді. Соның 4 мыңға жуығында жүректің туа біткен ақауы анықталады. Оның 25 пайызы — өмірінің алғашқы айында, кейде тіпті алғашқы күндерінде хирургиялық көмекке мұқтаж болатын ауыр жағдайлар, — деді Татьяна Иванова-Разумова.
Оның сөзінше, мұндай сәбилерге еліміздің бірнеше кардиохирургиялық орталығында көмек көрсетіледі. Соның ішінде UMC-де жыл сайын жүректің ауыр туа біткен ақауы бар 100-120 жаңа туған нәрестеге операция жасалады.
Сондай-ақ департамент директоры әлемдік статистика бойынша әрбір мың тірі дүниеге келген баланың 9-10-ында жүректің туа біткен ақауы кездесетінін атап өтті.
— Дегенмен олардың бәріне бірдей операция қажет емес. Кейбір ақаулар бала өскен сайын өздігінен жабылады, — деді спикер.
Айта кетейік, Қазақстанда 1,7 млн адам жүрек-қантамыр ауруларына тексеруден өтті.