Еліміздегі алғашқы АЭС: нысанды іске қосу мерзімі мен негізгі жұмыстар нақтыланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы жүзеге асыру кезеңіне өтті. Осы орайда «Jibek Joly» телеарнасының «БүгінLIVE» бағдарламасында «ҚАЭС» ЖШС Бас директоры Ернат Бердіғұлов құрылыс жұмыстары, кадрларды даярлау және станцияны іске қосу мерзімдері туралы айтып берді.

аэс
Фото: Kazinform / ЖИ

Жобаның қай кезеңі іске асып жатыр

Жылдың маңызды оқиғаларының бірі – 3 қыркүйекте ресейлік тараппен EPC-келісімшартқа қол қойылуы болды. Бұл қадам жобаның іс жүзінде жүзеге асыру кезеңіне көшкенін білдіреді.

Ернат Бердіғұловтың айтуынша, қазіргі уақытта болашақ атом электр станциясының алаңында инженерлік зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр.

- Біздің алдымызда бірнеше маңызды міндет тұр. Біріншіден, былтырдан бері жүргізіліп келе жатқан инженерлік жұмыстарды жалғастырып, аяқтауымыз қажет. Қазір бұл жұмыстар жаңа кезеңге өтті. Даладағы жұмыстар аяқталды. Қараша және желтоқсан айларында біз нақты параметрлерге мониторинг жүргізудің толық жылдық циклін аяқтаймыз, ал деректерді талдау және өңдеу жұмыстары жалғаса береді, — деді ол.

ҚАЭС бас директорының мәліметінше, 2027 жылы компания нысан орналасатын аумақтың қауіпсіздігін негіздейтін есепті дайындап, нысанды орналастыруға рұқсат беретін лицензияны алуды жоспарлап отыр.

- Ауқымды жұмыс атқарылып қойды, алайда атом электр станцияларына, соның ішінде оларды салу кезеңіне қатысты нормативтік актілер мен пайдалану стандарттарын одан әрі әзірлеу қажет. Жалпы алғанда, болашақта жобаның іске асырылуын тиімді қадағалауды және АЭС-тің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ғылыми-техникалық қолдау тетіктері керек, — деп түсіндірді Ернат Бердіғұлов.

Құрылысқа 12 мың адам жұмылдырылмақ

Мамандарды даярлау – басты басымдықтардың бірі. Құрылыс жұмыстарының ең қарқынды кезеңінде бір атом электр станциясына шамамен 10 000–12 000 жұмысшы қажет болады. ҚАЭС есептеулеріне сәйкес, станцияны кейіннен пайдалану кезеңінде шамамен 1 800 адамнан тұратын қызметкерлер штаты талап етіледі.

- Мақсат – өз кадрларымызды даярлау. Технологиялар мен жабдықтарды сатып алуға болады. Ал адами капиталды ел ішінде қалыптастырып, дамыту қажет. Бір атом электр станциясы үшін, яғни «Балқаш» АЭС-не шамамен 1 800 қызметкер қажет. Олардың ішінде шамамен 400-і әкімшілік қызметкер, ал 1 400-ге жуығы тиісті кәсіби даярлықтан өткен мамандар болмақ, – деп атап өтті Бердіғұлов.

Ол болашақ мамандар базалық білімді қазақстандық жоғары оқу орындарында алып жатқанын атап өтті. Қосымша оқыту бас мердігердің техникалық академияларында және жұмыс істеп тұрған атом электр станцияларындағы тағылымдамалар арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, EPC-келісімшарт аясында оқу орталығын салу да қарастырылған.

Уран өндіруден отандық атом энергетикасына дейін

Е. Бердіғұловтың сөзіне қарағанда, Қазақстан әлемдік уран өндірісінің шамамен 40%-ын қамтамасыз ете отырып, жаһандық уран саласында мықты позицияға ие.

Сонымен қатар, елімізде қазірдің өзінде атом электр станцияларына арналған отын таблеткалары мен жылу бөлетін жинақтар өндіріледі. Отандық атом электр станциясын салу ядролық отын циклінің жалғасы және қосылған құн тізбегінде жоғарырақ сатыға көтерілу мүмкіндігі ретінде қарастырылады.

- Атом электр станциясын салу – ядролық отын циклінің жалғасы. Станция салынғаннан кейін, бізде отын таблеткаларын және басқа да өнеркәсіптік өнімдерді пайдаланатын, яғни электр энергиясын тікелей өндіруге арналған жеке қуаттылық пайда болады. Түптеп келгенде, бұл еліміз үшін қосылған құны жоғары өнімге айналады, – деді ЖШС бас директоры.

Іске қосу мерзімі

ҚАЭС бас директорының айтуынша, жобаны базалық сценарий бойынша жүзеге асыру шамамен 10–12 жылға созылады. Бұл мерзім нысанды орналастыруға лицензия алудан басталады. Оны алу кезеңі 2027 жылға жоспарланған.

- Қазіргі міндетіміз – қауіпсіздік қағидатын толық сақтай отырып, жобаны жүзеге асыруды мүмкіндігінше жеделдету. Бұл тұрғыда бас мердігермен барлық ықтимал нұсқаларды талқылап жатырмыз, – деп нақтылады ол.

Алдын ала бағалауларға сәйкес, станцияны іске қосу және тексеру әрі сынақтан өткізу жұмыстары 2037–2038 жылдары жүзеге асырылуы мүмкін.

- Нысанды орналастыруға лицензияны алу 2027 жылға белгіленгенін ескерсек, станцияны іске қосу және бастапқы сынақ іс-шаралары 2037–2038 жылдары жүзеге асуы ықтимал, – деп хабарлады Бердіғұлов.

Еске салсақ, жақында Қазақстан мен «Росатом» алғашқы АЭС жобасы бойынша келісім жасады.