Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Осы апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Мемлекет басшысының өкімімен Кенжеғұл Социалұлы Сейтжан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалды.

Ол 1982 жылы 29 шілдеде Қостанай облысы, Амангелді ауданында дүниеге келген. 1991 жылдан 2003 жылға дейін Алматы қ. Н.Островский атындағы зағиптар мен нашар көретін балаларға арналған № 4 арнайы мектеп-интернатында оқыды. 2003 жылдан 2007 жылға дейін «Тарих. Құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бакалавр дәрежесі бойынша білім алған. 2008-2009 жылдар аралығында Жапонияда әлеуметтік көшбасшылық курсынан өтті. 2011 жылдан 2013 жылға дейін University of CUNY (АҚШ) университетінде ағылшын тілін оқыды. 2015 жылы University of Reading (Англия) Education (Leadership and Management) мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды.
Альпинизм бойынша әлем чемпионатының қатысушысы (Франция, Париж, 2016 ж.) 7-орын, 2019 жыл (Франция) 7-орын. «Голбол» Параолимпиадалық спорт түрінен 2017, 2019 ж. Қазақстан чемпионы. Голболдан 2020, 2021, 2022 жылдардағы кубогының чемпионы. Паравелоспорттан Қазақстан чемпионы 2021 ж. (Петропавл қ.), 2022 ж. (Ақтау қ.), 2022 ж. (Бурабай қ.). 2022 жылғы Паравелоспорттан Азия чемпионатының қола жүлдегері (Душанбе қ.) және Паравелоспорттан бойынша UCI халықаралық рейтингі бойынша 13-орында. Голболдан спорт шеберіне үміткер. Паравелоспорттан спорт шебері.
Қазақ, орыс, ағылшын және жапон тілдерін жетік меңгерген. Неміс, түрік, араб тілдерін үйренуде. Үйленген, екі бала тәрбиелеп отыр.
Еңбек жолын 2007 жылы Алматы қаласы, Медеу ауданының № 7 жалпы білім беретін мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2017 жылдан 2022 жылға дейін мүгедек балаларға арналған «Мейірім» оңалту орталығында әлеуметтік бағдарламалар бойынша менеджер болып жұмыс істеді. 2017 жылдан 2022 жылға дейін қонақ үй бизнесінде директор болып қызмет атқарған. 2016 жылдан 2022 жылға дейін «Қазақстан голбол федерациясы» ЗТҚ Бас хатшысы қызметін атқарды.
2019 жылдан 2021 жылға дейін «Қазақстан Паравелоспорт федерациясы» РҚБ вице-президенті қызметін атқарды. 2022 жылдан бастап осы күнге дейін Астана қ. голбол федерациясының президенті.
2023 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының мүшесі.
Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Ернұр Өтегенов ведомство аппаратының басшысы болып тағайындалды.

Ернұр Өтегенов 1978 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. ІІМ Алматы жоғары техникалық училищесін, Көкшетау техникалық институтын, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы БҚО Мемлекеттік өртке қарсы қызметі Өрт сөндіру бөлімінің инспекторы болып бастаған. Әр жылдары Батыс Қазақстан облысының өртке қарсы қызмет құрылымдарында инспектор, анықтаушы, аға инженер, бас маман, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары болып еңбек етті. 2011-2012 жылдары – Ақтөбе облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы. 2012-2019 жылдары – Ақтөбе облысы ТЖД бастығының орынбасары. 2019-2021 жылдары – Павлодар облысы ТЖД бастығы. 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы.
Жетісу облысы әкімінің өкімімен Рауан Аманұлы Дауталинов облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Рауан Аманұлы Дауталинов 1977 жылы туған. Жоғары білімді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін Қазақстан тарихы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін қаржы және несие мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын Ескелді ауданы Троицк орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі болып бастады. Әр жылдарда Талдықорған қаласында «Алматы облысы әкімінің көркемөнер галереясы» МКҚМ бас есепшісі, Алматы облысының «Олимпиадалық резервтер дайындау орталығы» КММ директорының орынбасары, Көксу аудандық қаржы бөлімінің жетекші маманы, Алматы облысы құрылыс басқармасының бөлім бастығы, Алматы облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары болды.
2022 жылдың шілдесінен Жетісу облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті.
Ақтөбе облыстық Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментiнің басшысы қызметіне Қайрат Райымқұлов, ал облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне Әлібек Байнешов тағайындалды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қайрат Райымқұлов жаңа қызметке тағайындалғанға дейін облыстық мәслихат депутаты болды.

Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған әрі Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Еңбек жолын Ақтөбе облысының қаржы басқармасының ішкі бақылау бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. Ақтөбе облысының қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының түрлі лауазымдарында жұмыс істеген. Ақтөбе қаласының экономика және қаржы бөлімін, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратын, Ақтөбе облысының кәсіпкерлік, қаржы басқармаларын басқарды. 2021-2023 жылдары Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы болды.
Ал Әлібек Байнешов Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Самара мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі – қаржы, құқықтану.

Еңбек жолын 2005 жылдан бастаған. Жастар қоғамдық бірлестіктерінде, үкіметтік емес ұйымдарда, «Аманат» партиясында, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2018-2020 жылдары «Synergy consulting group» ЖШС бас директоры қызметін атқарған. 2020-2023 жылдары Ақтөбе қаласы әкімінің кеңесшісі, Ақтөбе қаласының «Алматы» ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдың қазан айынан бастап Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Ғалым Қамбарұлы Әбдіқазиев облыс әкімдігінің Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ғалым Әбдіқазиев 1973 жылы туған. Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтын «автомобильдер және автомобиль шаруашылығы», М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару», сондай-ақ «тау-кен ісі» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1990 жылы Тараз қаласындағы «Дауыл» жеке фирмасының сатушысы болып бастаған. 1996-1999 жылдары «Шығыс-Таңы» ЖШС қойма меңгерушісі, іс жүргізушісі, директорының орынбасары, 2000-2005 жылдары «Тараз көлік жолы» ЖШС сауда бөлімінің басшысы, 2005-2010 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысы болды.
2011-2012 жылдары «ТТК Казатомөнеркәсіп жолдары» ЖШС филиалының директоры, 2013-2014 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мемлекеттік сатып алу және материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің басшысы, 2014-2016 жылдары «Адал Сенім Строй» ЖШС директоры, 2016-2017 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік резервтер комитетінің «Резерв» РМК Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы, 2017-2023 жылдары «Адал Сенім Строй» ЖШС директоры қызметтерін атқарған.
2023 жылдың желтоқсан айынан бастап Жамбыл облысы әкімі көмекшісінің міндетін атқарушы лауазымында еңбек етіп келді.
Ішкі істер министрінің бұйрығымен Атырау облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына Руслан Ешманов кірісті.

Руслан Олжабайұлы Атырау қаласында дүниеге келген. М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтын бітірген.
Еңбек жолын 2001 жылы Атырау қалалық ішкі істер басқармасының учаскелік полиция инспекторы болып бастаған. Кейін Атырау қалалық Полиция басқармасы бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары лауазымын атқарған. Осы тағайындауға дейін Индер ауданы полиция бөліміне жетекшілік етті.
Мемлекет басшысының келісімі бойынша Бас прокурордың бұйрығымен Ризабек Кәрімұлы Ожаров Қызылорда облысының прокуроры лауазымына тағайындалды.

Ризабек Ожаров 1972 жылы дүниеге келген. 1996-2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарған. 2017-2019 жылдары Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметі бастығының орынбасары, Алматы облысы прокурорының орынбасары лауазымдарында болған. 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметін басқарған. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталған.
Бас прокурордың өкімімен Петропавл прокуроры болып Тыныбек Сапаров тағайындалды.

Тыныбек Әнуарбекұлы 1986 жылы СҚО, Мағжан Жұмабаев ауданы, Еремеевка елдімекенінде дүниеге келген. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Прокуратура органына 2009 жылы келіп, Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі болды. Кейін Айыртау ауданы прокурорының көмекшісі, соттарда мемлекет мүдделерін білдіру басқармасының және СҚО прокуратурасының қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысы басқармасының прокуроры және Тайынша ауданы прокурорының орынбасары лауазымдарын атқарды. 2019 жылдан бастап осы күнге дейін Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының прокуроры қызметінде болды.
Павлодар қаласы әкімінің өкімімен Әнуарбек Дүйсембайұлы қала басшысының орынбасары болып тағайындалды. Ол бұған дейін Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 12 жылдан асады.

Әнуарбек Дүйсембайұлы 1986 жылы туған, екі жоғары білімі бар. 2008 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «автомобиль және трактор жасау», 2020 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2009 жылы Павлодар қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман болып бастады. 2009-2023 жылдар арасында Павлодар қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінде қатардағы маманнан бастап, бөлім басшысының орынбасары, бөлім басшысы лауазымына дейін қызмет атқарды. 2023 жылдың ақпан айынан бастап осы күнге дейін Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет етті.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ректорының уақытша міндетін атқарушы лауазымдық қызметіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүдебаев Арман Әділханұлы тағайындалды.

Арман Жүдебаев 1986 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. 2006 жылдан «Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрi» РМҚК-да еңбек еткен. 2018-2023 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры болды. 2023-2023 жылдары Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы, вице-министр, Мәдениет және ақпарат вице-министрі болды.