Еліміздегі апта ішіндегі кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Өтіп бара жатқан апта ішінде елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды.
Атап айтқанда, Қостанай облысы әкімінің өкімімен бұған дейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін атқарған Ербол Тасжүреков Қостанай облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Ол 1979 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін; Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын; Францияның Ұлттық әкімшілік мектебін тәмәмдады.
2003-2007 жылдары «Профиль-Lux» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болды. 2007-2013 жылдары Астана қаласы Алматы ауданының № 2 аудандық сотында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2013-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінде басшылық лауазымдарды атқарды.
2014-2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі департаменті директорының орынбасары; 2016-2018 жылдары - Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары; 2018-2019 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары; 2019-2021 жылдары – «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарушы директоры - Басқарма мүшесі; 2023-2026 жылдары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Ұлытау облысында балалар құқықтарын қорғау саласында кадрлық тағайындау болды. Ведомствоның жаңа басшысы болып білім беру, әлеуметтік сала және мемлекеттік қызметте көпжылдық тәжірибесі бар Зина Ақылбекова тағайындалды.
Зина Ақылбекова 1965 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1988 жылы Жезқазған қаласындағы Оқушылар сарайында әдіскер болып бастаған. Әр жылдары әдістемелік жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары, № 11 мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, ішкі саясат пен білім беру салаларында еңбек еткен.
2011–2015 жылдары Жезқазған қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарды. Кейін жеті жылдан астам уақыт қала әкімінің ішкі саясат және әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Сондай-ақ Зина Ақылбекова Ұлытау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарған. Жаңа тағайындауға дейін облыс әкімінің орынбасары қызметінде болды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен Медет Нұрланұлы Нұрланов «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РМК бас директордың міндетін атқарушы лауазымына бекіді.
Медет Нұрлановтың саладағы жалпы жұмыс тәжірибесі 10 жылдан асады. Орман шаруашылығы жүйесінде мол тәжірибесі бар, саланың ішкі тынысы мен ерекшеліктерін терең меңгерген білікті маман. Өзінің еңбек жолында кәсібилігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен және жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарауымен танылды.
Жаңа басшыға резерваттың бірегей табиғи кешенін сақтау, орман қорын қорғау мен ұдайы өндіру, сондай-ақ мемлекеттік инспекторлардың жұмысын тиімділігін арттыру бағытындағы міндеттерді сапалы жүзеге асыру тапсырылып отыр
Қазақстандық маман Нұрбол Жұмасқалиев «Ертіс» футбол клубының бас бапкері атанды.
Қазақстандық футбол тарихындағы ең көрнекті футболшылардың бірі Нұрбол Жәрдемұлы Қазақстан чемпионаты тарихындағы ең көп матч өткізген (526 ойын) және ең көп гол соққан (167 гол) рекорд иесі ретінде ерекшеленеді. Ол мансабының басым бөлігін қостанайлық «Тобыл» сапында өткізді. Ал 2017 жылы павлодарлық «Ертіс» клубында ойын көрсетті.
Мансабында Қазақстан чемпионы, Қазақстан Кубогы мен Суперкубогы иегері, Интертото Кубогы жеңімпазы болып табылады. Сондай-ақ Нұрбол Жұмасқалиев Қазақстан ұлттық құрамасы тарихындағы матчтар мен голдар саны бойынша үздік ондыққа кіреді.
Футболшы мансабын аяқтағаннан кейін ол 2018 жылдан бастап «Тобыл» клубында бапкерлік және басқарушылық қызметтер атқарды. Алдымен спорт директоры лауазымында болса, кейінгі жылдары қостанайлық клубтың бас бапкері тізгінін ұстады.
Сондай-ақ Нұрбол Жәрдемұлы Қазақстан ұлттық және жастар құрамаларында бас бапкердің көмекшісі болып жұмыс істеді.
Айту керек, Нұрбол Жұмасқалиевтің «Ертістегі» жаттықтырушылар құрамына Данияр Мұқанов және Олег Недашковский кірді. Танымал мамандар бас бапкер көмекшілері қызметтерін атқарады.
Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Заңына сәйкес, Amanat партиясының тізімі бойынша Алматы қаласы мәслихатының депутаттық бос мандаты Досбол Жылқыбаевқа берілді.
Ол 1984 жылы 27 қыркүйекте Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «құқықтану» және «кеден ісі» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
2020 жылдан бастап «AMANAT» партиясының мүшесі. Бұған дейін VII шақырылымдағы Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты ретінде кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комиссия құрамында жұмыс атқарған.