Еліміздегі ең жас әкім СҚО-дағы ауылдардың бірінде еңбек етеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Волошинка ауылдық округінің әкімі Олжас Сарқыт еліміздегі ең жас ауыл әкімі болып есептеледі.
26 жастағы Олжастың бұл қызметке келгеніне жарты жылға жуықтаған. Бұған дейін Ұлттық гвардияда қызмет етіп, мектепте ұстаз болған жас маман енді үш елді мекеннің әлеуметтік мәселесіне жауап береді.
- Өзім осы Есіл ауданындағы Спасовка ауылының тумасымын. Бұл жердің ойы-қыры жақсы таныс. Ауыл әкімінің сайлауына үш кандидат түстік. Халық қолдау білдірді, тұрғындардың 80% маған дауыс берді. Олардың сенімін ақтап, ауылымызды көркейтуге бар күшімді жұмсаймын, - дейді Олжас Сарқыт.
Олжастың негізгі мамандығы – дене шынықтыру және спорт пәнінің мұғалімі. Бала кезінен спортқа бейім ол дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта білім алды. Кейін Ж. Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінде білімін шыңдады.
Жас маман еңбек жолын әскери саламен байланыстырды. Ұлттық ұланда жауынгерлік дене даярлығы бойынша нұсқаушы болып жұмыс істеді. Бұл кезең оған тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын түсінуге мүмкіндік берді.
Ал осыдан төрт жыл бұрын Волошинка орта мектебіне алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімі болып орналасты. Ұстаздықпен қатар ауылдың қоғамдық және спорттық өміріне белсенді араласты.
Енді ол Волошинка ауылдық округін басқарып отыр.
- Ауылдық округ құрамына үш елді мекен кіреді. Мұнда жалпы саны 860-қа жуық адам тұрады. Олардың күнделікті мәселесін шешу, тұрғындардың ұсыныстарын тыңдау және ауылдың дамуына жағдай жасау - менің негізгі міндетім. Әкім болып жұмыс істеу үлкен жауапкершілік, - дейді ауыл әкімі.
Олжас Саматұлы қазір уақыты тығыз болса да спорттан қол үзген жоқ. Жас әкім аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарға тұрақты қатысады. Ол мемлекеттік қызметшілер арасында өткен спорттық турнирдің жеңімпазы атанса, облыстық көкпар жарысында күміс жүлдеге ие болды. Ал биыл Волошинка ауылдық округінің командасы «Есіл барысы» турнирінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынға қол жеткізіп, аудан әкімінің кубогын жеңіп алды.
Жас әкімнің айтуынша, спорт ауыл жастарын біріктіріп қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сондықтан округте спорттық бастамаларға барынша қолдау көрестіп келеді.
26 жасында ауылдық округ тізгінін ұстаған жас әкім үшін бұл - алғашқы үлкен басқарушылық тәжірибе. Маманның ендігі мақсаты - сайлауда білдірілген сенімді нақты іспен ақтау.
- Ауылдардағы кей көшелерде жарықтандыру болған жоқ. Мен келгелі 43 шам қойылды. Тұрғындар, сондай-ақ, интернеттің, байланыстың нашарлығын жиі айтады. Жақында бұл мәселені шешу үшін Волошинка ауылына ұялы байланыс мұнарасын орнату жоспарда бар, - дейді Олжас Сарқыт.
Бұған дейін елімізде 22 мыңнан астам жас өз кәсібін ашуға мемлекеттік грант алғанын жазған едік.