Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Еліміздегі ірі су қоймаларында 64,2 млрд текше метр су жиналды

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі ірі су қоймаларында жиналған су қоры биылғы суару маусымының қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл туралы Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Сергеевка
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Оның айтуынша, бүгінде еліміздің ірі су қоймаларында 64,2 млрд текше метр су жиналған. Бұл олардың жобалық сыйымдылығының 75 пайызы.

– Қолда бар су қоры биылғы суару маусымының қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті. Министрлік гидрологиялық жағдайды, су түсімінің болжамдарын және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, су қоймаларының жұмыс тәртібін күн сайын реттеп отырады, – деді Сейілбек Нұрымбетов.

Оның сөзінше, мұндай тәсіл гидрологиялық жағдай өзгерген кезде жедел шешім қабылдауға және барлық өңірде судың тұрақты берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін елімізде су шаруашылығын жаңғырту аясында жаңа Су кодексі қабылданып, су инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қолға алынғаны туралы жазған едік.