Еліміздегі шетел университеттерінде Конституция қазақ тілінде оқытылады – Саясат Нұрбек
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде ашылып жатқан шетел жоғары оқу орындарының филиалында қазақ тілі мен Қазақстан тарихынан бөлек, Конституция және құқық негіздері қазақ тілінде өтетінін мәлім етті.

«Мемлекеттік стандартқа сәйкес, елімізде ашылған кез келген шетелдік жоғары оқу орнының филиалында қазақ тілі, Қазақстан тарихы пәндері болады. Бұл – мемлекеттік стандарттың талабы. Жалпы оқу мазмұны шет тілінде, ең мықты стандарттармен оқытылады, бірақ тіл, тарих, Конституция, құқық негіздері міндетті түрде қазақ тілінде сақталады», - деді Саясат Нұрбек агенттік тілшісінің сауалына жауап бере тұрып.
Министрдің мәлімдеуінше, қазір елімізде ашылған шетел жоғары оқу орындары филиалында аталған стандарттар орындалып жатыр.
«Біз оны талап етеміз, ол жағынан ешқандай кедергі жоқ, біздің шетелдік серіктестеріміз оған қосылады, ешқандай қарсылық жоқ», - деп толықтырды ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде ашылған шетел университеттері филиалында «Қазақ тілі», «Қазақстан тарихы» пәнін оқыту міндеттелетіні белгілі болған еді.