Еліміздің 17 өңірінде тұрғын үйді пайдалануға беруде оң динамика байқалады - Өнеркәсіп министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысынан басқа барлық облыста құрылыс саласында оң өсім бар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков айтты.
- 11 айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 8,1 трлн теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7 пайызға артты. Атырау облысынан басқа барлық 19 облыс бойынша оң өсу серпіні сақталып отыр. Бұл саланың жүйелі түрде дамып, жоспарланған шаралардың тиімді іске асырылып жатқанының нәтижесі, - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, биылғы тұрғын үй саласындағы жоспар 19,2 миллион шаршы метр болып белгіленді. 11 айдың қорытындысы бойынша 16,9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3,9 пайыз артты.
- Еліміздің 17 өңірінде осы бағытта оң динамика байқалып отыр. Ең көп өсім Жетісу, Қарағанды және Алматы облыстарында тіркелген. Абай, Атырау және Маңғыстау облыстары төмен көрсеткіштерге ие болып отыр, - деді Олжас Сапарбеков.
Айта кетейік, Үкімет елдің 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын қарап жатыр.