Еліміздің 45 қаласында кәріз тазарту құрылысы жаңартылмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің 45 қаласында кәріз тазарту құрлыстары жаңартылмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов айтты.
— Қазірде саланың басты проблемалық мәселелерінің бірі — қалалық кәріз тазарту құрылыстарының ескіруі. Олардың басым бөлігі 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған және орташа тозу деңгейі 65 пайыздан асып, санитарлық жағдайға тікелей әсер етуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақтау және Ленгер қалаларында жаңа кәріз тазарту құрылыстары іске қосылды. Осы жылдың соңына дейін Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражал қалаларында тағы 4 тазарту құрылыстарын іске қосу жоспарлануда, — деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері, «Бәйтерек» холдингі арқылы облигациялық несиелер, мемлекеттік-жекешелік әріптестік мехнизмі және арнайы трансферттер сияқты әртүрлі қаржыландыру көздері арқылы тағы 45 қалада осындай жобаларды жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде 7 жоба Еуропа даму және қайта құру және Азия даму банктерінің несиесі арқылы жүзеге асырылады.
— Жобаны өтінімнен бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі бүкіл өмірлік циклді қамтитын кешенді тәсілді қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы қарашадан бастап Ұлттық жоба аясында Біртұтас электрондық платформа іске қосылды. Электрондық платформа 5 негізгі модульден тұрады және қазіргі таңда ол жерде министрліктің құзыреті аясында 89 жоба тіркелген, олардың ішінен тозу деңгейі жоғары 31 жоба анықталған. Жобаларды іске асыру министрліктің бақылауында, — деді Қуандық Қажкенов.
Айта кетейік, Үкімет отырысында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу шараларын талқыға салынып жатыр.