Еліміздің базарларында импортталған ет сатылмайды – АШМ вице-министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Базарларда импортталған ет мүлде сатылмайды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты.
«Атамекен» ҰКП съездалды жиыны кезінде Kazinform тілшісі вице-министрден өзімізде мал шаруашылығына жеткілікті жайылым, қолайлы климат бола тұра, Уругвай, Бразилия секілді алыс шетелдерден не себепті ет таситынымызды, ол еттер қайда жұмсалатыны жайлы сұраған еді.
«Біріншіден, бұл импорттың көлемі (жалпы елде тұтынылатын еттің көлеміне шаққанда – ред) аз. Не үшін біз ет импорттаймыз? Уругвай мен Бразилиядан әкелінетін ет – мұздатылған сұрп ет (сүйегінін сылынған ет - ред). Жарты ұша болып келеді. Елімізге әкелінген соң ол қайта өңдеуге жіберіледі: консервіленген ет, бұқтырылған ет жасалады. Не үшін бұндай ет қолданылады десеңіз, бұл еттің өзіндік құны әлдеқайда арзан түседі. Ал енді, ішкі нарыққа шығатын ет – ол тек қазақстандық өнім. Базарларда сатылатын еттің бәрі — ауылдағы шаруалардың, отандық фермерлердің өсірген малының еті. Ешқандай Уругвайдың, Бразилияның еті онда сатылмайды. Ондай етті тек қайта өңдеумен айналысатын кәсіпкерлер шикізат ретінде әкеліп жатыр», - деді вице-министр.
Айта кетейік, кеше «Атамекен» ҰКП XII съезі өтті. Онда кәсіпкерлерді толғандырған сұрақтар талқыланып, 204 өзекті мәселе Үкіметке жолданды.
Сондай-ақ, бүгін Астанада мемлекеттік органдардың, бизнес-қауымдастық өкілдерін және Қазақстанның барлық өңірінің табысты кәсіпкерлерін біріктірген «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» шағын және орта бизнес форумы өтті.