Еліміздің біраз өңірінде күн ысиды — синоптиктер

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМҚ 31 мамыр күнгі ауа райы болжамын жариялады.

лавочка, лето, погода, жаз, ауа райы
Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Синоптиктердің болжауынша, атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуімен республиканың басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады. Найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады, солтүстігінде бұршақ, батысында дауыл күтіледі. Тек еліміздің шығысында, орталығында ауа райы жауын-шашынсыз.

Республика бойынша жел күшейіп, оңтүстікте шаңды дауыл тұрады. Түнде және таңертең еліміздің оңтүстік-батысында, солтүстік-батысында, солтүстігінде тұман болады.

Түркістан облысында күн қатты ысып, ауа температурасы 41 градусқа жетеді. Жамбыл облысында — 38 градус, Алматы облысында — 35 градус, солтүстікте, облыстың орталығында — 38 градус, Жетісу және Ұлытау облыстарында, Павлодар облысында 35-37 градус, Абай облысының оңтүстігінде 36 градус болады деп болжанған.

Бұған дейін еліміздің 5 қаласында ауа сапасы төмендейтінін жаздық.