Еліміздің ішкі саясат тұжырымдамасы қалай әзірленіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде ішкі саясат тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлім етті. 

Ерлан Қарин
Фото: Ақорда

– Дәл қазіргі уақытта, бұл құжатты дайындау бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Бурабайда Ұлттық құрылтай өткеннен кейін, оның қорытындысы бойынша арнайы жиналыс өткізіп, сол жерде Ұлттық құрылтайда көтерілген әрбір бастаманы, Президенттің әрбір тапсырмасын жүзеге асыру бойынша арнайы жоспар қабылдадық. Ол бірнеше тармақтан тұрады. Әрбір бастама, тапсырманың орындалу мерзімін сол жерде бекітіп, жоспарлап қойдық. Сол құжатқа сәйкес, барлық тапсырманы тиісті жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр, - деді Ерлан Қарин Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші аталған құжатты дайындауға сарапшылар тартылғанын айтты және оның себебін түсіндірді. 

– Ең алдымен сарапшыларды тартып жатырмыз. Себебі ол жан-жақты құжат. Оның ішіндегі әрбір қағидат пысықтауды талап етеді. Негізгі жобасын Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев, Марат Шибутов және тағы басқа әріптестеріміз, яғни Парламент депутаттарының қатысуымен дайындалған болатын. Ұлттық құрылтайда біздің әріптестер осындай құжат қабылдау керек екен деп, жәй ғана ой айтқан жоқ, сол құжатқа ену керек деген негізгі сұлбасын да дайындаған болатын. Кейінірек оны Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшыларымен бірлесіп отырып, оны әрі қарай пысықтап, формаға келтіріп, құжаттың негізгі нұсқасын ұсынғанбыз. Содан бері әрбір талқылаудан кейін құжаттың құрылымы, мазмұны кем дегенде 50 пайызға өзгерген шығар. Тіпті кейбір тарауларды мүлдем алып тастап немесе жаңа бір тарау, бөлімдерді енгіздік.

Негізінен сарапшылар қауымдастығы және ұлттық құрылтай мүшелері белсене қатысып жатыр. Ұлттық құрылтай мүшелері жеке тұлға ғана емес, әр тұлға белгілі бір қауымдастық, белгілі бір топтың өкілі. Сондықтан бұл жерде әртүрлі бағыттағы, көзқарастағы азаматтардың ұсыныстарын ескеруге тырысып жатырмыз. Бұл құжат жан-жақты, мүмкіндігінше қоғамдағы, қазіргі уақытта орныққан саяси плюрализмге сәйкес, әртүрлі пікірдегі, әртүрлі көзқарастағы азаматтардың ойларын, ұсыныстары ескерілетін жасалынатын құжат болады деп ойлаймын, - дейді ол. 

Одан әрі Ерлан Қарин ішкі саясат тұжырымдамасының мақсатын түсіндірді. 

– Бұл құжат кейбіреулер ойлап жүргендей, идеологияны жариялап, оны бекіту емес. Мен әлеуметтік желіде кейбір пікірлерді оқимын. Кейбір сарапшылар бұл құжатта ұлттық идеологияны жариялап, бекіту керегін айтады. Бұл құжаттың мақсаты елде белгілі бір саяси идеологияны ресми түрде бекіту деп түсінбеген жөн.  

Белгілі бір идеологияны, идеяны жарлықпен, өкіммен, заңмен бекіту мүмкін емес. Ол қоғамның, мемлекеттің, елдің дамуы барысында өзі айқындалады. Сондықтан да бұл құжаттың мақсаты  белгілі бір идеологияны, белгілі бір идеяны кабинетте ойлап тауып, жариялау емес. Құжаттың негізгі мақсаты – мемлекеттік ішкі саясаттағы жүргізіп жатқан жұмыстарды жүйелеу, - деп толықтырды Мемлекеттік кеңесші.

Бұған дейін Қазақстан тарихы бойынша жарық көретін жеті томдықта Ресей, Қытай, Парсы, Еуропа архивтерінен табылған тың құжаттар мен деректер пайдаланылатынын жазған едік. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин депутат Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты.

Соңғы жаңалықтар