Еліміздің сот жүйесін реформалау қалай жүзеге асырылып жатыр – дөңгелек үстел
АСТАНА.KAZINFORM - Астанада «Сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыру» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.

Отырыс барысында ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев қатысушыларға ізгі тілегін білдіре келе, сот төрелігінің тиімділігін арттыру Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндет екенін ерекше атап өтті.

Ол құқықтық мемлекет стандарттарына сәйкес сот жүйесін одан әрі дамыту үшін берік негіз құрудың маңыздылығын, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибені енгізу қажеттігін айтып өтті.
Іс-шараны ашқан Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Қазақстан басшысының бастамаларын жүзеге асыру және еліміздің сот жүйесінде оның тиімділігін, ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға, оның ішінде цифрлық технологияларды енгізуге және озық халықаралық практиканы ескере отырып, жүйелі қайта құрылымдауға бағытталған реформаларды жүзеге асыру барысы туралы баяндады.
Қоғамның заманауи талаптарына жауап беретін және барлық азаматтар үшін сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ететін сот жүйесін құруға ұмтылыс туралы айта келе, Жоғарғы сот төрағасы басқа елдердің тәжірибесі мен шетелдік серіктестердің ұсынымдарын ескере отырып, судьялардың қызметін жеке бағалау әдістемесінің жетілдіріліп жатқанын, сот процесінің ашықтығын арттыруды, IT-шешімдерді енгізуді, субъектілік факторды азайтуды, сондай-ақ сот жүйесін білікті кадрлармен қамтамасыз етуді атап өтті.

Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Фолькер Фробарт, ҚР Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Азимова және Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның төрағасы Франческо Депаскуале қатысушыларға ізгі тілектерін білдіре отырып, Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттырудың өзекті аспектілерін атап өтті.
MAСA президенті Памела Харрис Қазақстанның сот жүйесіне енгізілген өзгерістерді әсерлі деп атап, олар судьяларға әкімшілік мәселелерге алаңдамай, тек сот төрелігін жүзеге асыруға назар аударуға мүмкіндік беретінін айтты. Спикер реформалардың, ең алдымен, қысқа мерзімде жүргізіліп, ең жақсы нәтиже көрсеткендігі мен әсерлі екенін атап өтті. Негізгі өзгерістер сот әкімшілігінің жаңа моделін, соттарды қаржыландыруды жақсартуды және цифрландыруды дамытуды қамтиды.

Жиынға қатысушылар судьяларды кәсіби бағалау әдістемесінде IT-әзірлемелерін қолдану мәселесіне назар аударды, бұл осы рәсімде адам факторының ықпалын болдырмайды.
Шетелдік сарапшылар Қазақстандағы сот әкімшілігінің қазіргі моделі, соның ішінде IT-құралдары соттардың жұмысына қалай әсер еткеніне қызығушылық танытты.
Басқаша айтқанда олар сот әкімшілігінің жаңа моделі сот ашықтығын арттырып, ауқымды деректерді өңдеуді жылдамдатып, сот процесіне қатысушылар арасындағы үзіліссіз байланысты қамтамасыз еткеніне, сот қателерін азайтып, сотқа деген сенімді нығайтуға ықпал еткенінен көз жеткізді. Олар судьялар мен сот қызметкерлерін оқытуға қатысты да өз пікірлерін білдірді.

Форум сот жүйесіндегі өзгерістерді ынталандыратын және барлығына тиімді және қолжетімді сот төрелігін қамтамасыз етуге деген ортақ ұмтылысты қолдайтын идеялармен практика алмасу алаңына айналды.
Оған судьялар, ТМД елдерінің жоғарғы соттарының басшылығы мен сот қоғамдастығы, сот төрелігі саласындағы беделді ұйымдардың – Сот төрелігінің сапасы жөніндегі Еуропалық комиссияның және Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA), АХҚО Соты аппаратының өкілдері, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар, барлығы 100-ге жуық адам қатысты.
Осыған дейін Жоғарғы сот мемлекеттік органдар айналасындағы дау-дамай артқаны туралы мәімдеген болатын.


