Елнұр Бейсенбаев АЭС салу туралы: ғылыми тұрғыдан қарау керек
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде атом электр станциясын салуға қатысты пікір білдірді.

«Айталық, зауытты көп мөлшерде электр энергиясымен қамтамасыз ету керек. Ол үшін энергияны жел, күн электр станциялары арқылы алуға болады. Кейбір адамдар Фукусима мен Чернобыльдегі жағдайды мысалға келтіріп жатыр. Бірақ, Ресей мен Жапония атом электр станциясынан бас тартқан жоқ. Бүгінде аталған екі ел электр энергиясы тұрақтылығының 30%-ын осы АЭС арқылы ұстап отыр. Одан бөлек, АЭС-ті Семей полигонымен салыстырып жатыр, ол жерде электр қуатын өндіру емес, қару-жарақ ретінде қарастырылды. Бұл салыстыруға келмейді», - деді Елнұр Бейсенбаев елімізде атом электр станциясын салу мәселесі бойынша елордада өткен қоғамдық тыңдауда.
Сондай-ақ, халық қалаулысы АЭС тәжірибесі бойынша Қытайды мысалға алды.
«Бүгін көтеріліп отырған мәселелерді ғылыми тұрғыдан қарау керек. Мәселен, осыдан 12 жыл бұрын Бейжіңде демалатын ауа болмайтын. Өйткені өнеркәсіптің бәрі көмір жағатын. Қытай алдағы уақытта тағы 150 реактор салуды жоспарлап отыр. Қазір Бейжің ең таза қалалардың бірі», - дейді ол.