Елорада Мұрын жырау Сеңгірбекұлының 150 жылдығына арналған республикалық конференция басталды

АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада Ұлттық академиялық кітапханасында «Жыраулық дәстүр жауһарлары» атты Мұрын жырау Сеңгірбекұлының 150 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды,

Елорада Мұрын жырау Сеңгірбекұлының 150 жылдығына арналған республикалық конференция басталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференция барысында жыраудың шығармашылығын зерттеуші ғалымдар, әдебиетшілер Ө. Озғанбаев, С. Қорабай, Ж. Тілепов, С. Негимов, С. Қосан, Б. Нұрдәулетова, С. Сәкеновтардың ғылыми баяндамалары тыңдалады.

Мұрын жырау 1859 жылы Маңқыстау түбегінде дүниеге келген қазақ даласының ортақ тұлғасы, ұлы жыршы, сахара Гомері. Патша үкіметінің отаршылдық езгісіне қарсы бұрқ еткен (1870-1873 жылдары) Маңғыстау көтерілісі кезінде бірқатар елмен бірге Мұрынның да үйі Хиуаға қоныс аударады. Жырқұмар жас ол өңірде Үдербай баласы Мәулімберді жыршының қасында бірге жүреді. Кейіннен Қарақалпақтан шыққан Қарыз жыраумен, қазақтың Қарасай, Қалым, Бегім жыршылармен дәмдес болған.

Дешті Қыпшақ заманындағы тарихи болмысымызды баяндайтын «Қырымның қырық батыры» атты батырлар жырының тұтас сақталып, Мұрын жыраудың аузымен бізге жетуі, Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай, Сәттіғұл, Зәкәрия, Сүгір «қаһармандық жыраулық мектебінің бүгінге дейін мұрты сынбай жалғасын табуы Сыпыра жырау бастаған жыраулар өкілінің соңғы сынығы Мұрынның арқасында десек артық болмас.

«Мұрын шығармашылығы көп зерттелді. Дегенмен оны насихаттау, халыққа тарату жағы осалдау. Халық өзінің мәдени және рухани мұрасын тануы міндетті іс болып табылады. Ұлтымыздың рухани болмысын осы жырдан табасыз», дейді аудармашы, арабист ғалым Дина Есінжан.

Конференцияның екінші бөлімінде Мұрын Сеңгірбекұлының кейінгі ұрпаққа жеткізіп кеткен қазақтың асыл қазынасы «Қырымның қырық батыры» жырынан А. Алматов, Б. Әлімжанов, Ж. Жәмеков, Т. Бисенбаев, А. Көмеков тәрізді  жыршылар үзінділер оқиды.