09:57, 29 Шілде 2019 | GMT +5
Елорда әкімі: Сарыбұлақ өзеніндегі жағдай - экологиялық апат
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі Алтай Көлгінов Сарыбұлақ өзені сағасын реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Бұл туралы әкім өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Сарыбұлақ өзені ұзақ уақыт бойы қаралмай, шөп басып кеткен. Өзеннің 25 км жерінен осыны байқауға болады. Бұл алаңдатарлықтай жағдай. Өзен сағасының бір бөлігі бойынша жоба-сметалық құжаттар 2013 жылы қабылданғанымен онда осы күнге дейін құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. Бұны экологиялық апат деп бағалауға болады. Жағдайды шұғыл түрде реттеу керек. Тиісті шаралар қолдану керек»,-дейді шаһар басшысы.
Оның айтуынша, біріншіден сазға айналған бөліктерді тазалау керек. Екіншіден жоба-сметалық құжат дайындау керек. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап тұр.
«Қазір қажетті қаржы көлемін есептеп, қосымша тағы қаражат бөлеміз. Қала үшін маңызды жобаны жүзеге асыруды шүғыл қолға алу керек»,-деді Алтай Көлгінов.


