Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елорда әуежайының мүмкіндігі қаншалықты артты

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда әуежайынан 48 бағытта шетелге ұшақ арқылы сапарлауға болады. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Бекен Сейдахметов мәлім етті.

Аэропорт Астана әуежайы
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

- 1997 жылы қаладағы әуежай 65 жолаушыға қызмет көрсеткен. 1998 жылы бұл көрсеткіш 130 мыңға жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 9 млн 200 мың жолаушыға қызмет көрсеттік, яғни олар ұшып келген және біздің әуежай арқылы сапармен шыққандар. Бұл ретте, 70 есе өсім болды, - деді Бекен Сейдахметов. 

Осы орайда ол қазіргі кезде Қазақстан барлық бағытта қарым-қатынасты дамытып жатқанын еске салды. 

- Жастар да, туристер де өз мүмкіндігіне қарай әлем елдеріне емін-еркін сапарлай алады. Біраз мемлекетпен келісімшарттар бекітілді. Бүгінде 56 елмен шартқа қол қойылған. Соның арасында 30 мемлекетпен тікелей әуе қарым-қатынасы бар. Қазір 48 бағытта шетелге ұшақтар шығып жатыр. Ал Алматы әуежайы 63 бағытты қамтып отыр. Мәселен, келісімшарт аясында аптасына бізде 370 рейс, Алматыда 470 рейс белгіленген, - деді басқарма төрағасы. 

Еске салсақ, Астанада жаңа әуежайдың құрылысы келесі жылы басталады.