Елорда іргесінде ат спорты клубы ашылмақ

Жергілікті кәсіпкер Дүйсен Сағадатов «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы арқылы өзінің арманын іске асыру үшін 15 млн. теңге көлемінде несие алған болатын.
«Мен бұл ауылдың тумасымен, мемлекеттік бағдарлама аясында балалық арманымды жүзеге асыруға болатындығын білгенде, ойланбастан несие алып, ат спорты клубының құрылысын бастап кеттім. Әрі қарай жұбайым маған үлкен «Тұлпар» кешенін ашайық деген ой салды», - дейді Дүйсен Қазизұлы.
Бүгінде корпоративтік мерекелер мен банкеттерді өткізу үшін дәмхана, отбасылық демалысқа арналған үйлер, волейбол алаңы, теннис корты дайын, сондай-ақ, бассейннің құрылысы жүріп жатыр.
Балалар мен ересектер үшін велосипедтер, самокаттар және басқа да дүниелер сатып алынды. Медициналық көмек көрсетуге арналған медпункт салу жоспарда. Сонымен қатар, демалушылар Есіл өзеніңде шомылып, қайықтар мен катомарандармен жүзуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында үлкен жағажайдың ашылуы жоспарлануда.
Ат-спорты клубы он жастан асқан балаларға арналмақ. Біздің демалыс кешенге тек елордамыздан ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен демалушылар келеді деген үміттеміз. «Тұлпар» демалыс кешенінде «БЖК-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 25 адам жұмыспен қамтылған.