Елорда іргесінде ер адам 8 жылдан бері бүйрексіз өмір сүріп келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда іргесінде ер адам 8 жылдан бері бүйрексіз өмір сүріп келеді. Тағдыр тауқыметін тартқан бұл кісінің аты-жөні - Жаңабай Өтеулин. Қорғалжын ауданының тумасы. Осы ауданға қарайтын Оразақ ауылының тұрғыны. Әр екі күн сайын ажалмен бетпе-бет келіп, татар дәмі мен көрер күнінің барлығынан үйіне аман оралатын Жаңабай ағамыз біздерге көзіне жас алып тұрып, бұл дертке қалай душар болғанын, одан бергі ғұмырындағы көрген қиындықтарын баяндап берді.
Сап-сау жүрген ағамыздың 2006 жылы аяқастынан қос бүйрегі істен шыққан. Бүйрек - әр бес минут сайын адам бойындағы бес литрге жуық қанды толықтай тазартып тұратын тіршілік үшін ең маңызды органның бірі. Егер бүйрек істен шықса, улы заттар адам денесіне жайылып, денені ісіріп жібереді. Былайша айтқанда, адам денесі уланады. Мұның ақыры адам өміріне үлкен қатер төндіретіні белгілі. Медицина тілінде бұл кісінің дерті - созылмалы пиелонефрит деп аталады екен. Ол - бүйректің және бүйрек түбегінің көбінесе интерстициялық талшығының қабынуы және бүйректің ең жиі кездесетін ауруы. Бүйрек істен шықса, адамдар диализдік құрылғыға таңылады. Диализдік құрылғы бүйректің қызметін атқарып, адамның қанын тазалап, өзіне қайта құяды. Адам өмірін сақтап тұру үшін бұл құрылғыға күнара жатып тұру керек, бұл дегеніміз науқас аптасына 3 мәрте қан тазартатын аппараттың көмегіне жүгінеді деген сөз. Бұл кісіге мемлекет тарапынан көрсетілген бір көмек, осы дертке шалдыққаннан 4 айдан кейін жұбайын өзіне күтуші етіп тағайындап берген. Бұл I дәрежелі мүгедектерге жасалатын қамқорлық. Аз да болса арнайы жалақысы бар. Байқаған болсаңыздар, дәрігерлер мұндай науқастардың өмірін небары екі күнге созып береді. Қалғаны Жаратқанның қолында! Қалада тұратын науқастардың жайы сәл де болса жақсы, ал ауылда тұратын дертті кісілер қыстың көзі қырауда жол жабылып, қар басып, келе алмай қалса, бітті деген сөз. Сол күн оның соңғы күні болмақ. Қан тазалайтын құрылғыға әр таңылған сайын қол қоямыз! Иә, диализ құрылғысы - ол да бір темір! Темірдің қолынан адам жанын аялау келмейді және темір болған соң бұзылмай тұрмайды. Жоғары қысыммен адам бойынан қанды сорып алып, тазартып, қайта құйып жатқан сәттердің бірінде қысым артып кетсе, оны адамның тамырлары көтере алмайды. Яғни, жарылады. Тамыр - жарылса жалғай салатын сым емес. Сондықтан бұл құрылғыға әр жатқан сайын науқастар арнайы қол қояды екен. Бұнысы «егер ем қабылдау кезінде қандай да бір оқыс оқиға болып (аппарат бұзылып, қысым өзгеріп дегендей), олай-бұлай болып кетсем, ешкімге кінә артпаймын» дегенді білдіреді. Адам әр екі күн сайын осындай оймен қол қойып жатқанын көз алдыңызға елестетіңізші?! Әр қол қойған сайын бейне өлімге өз келісіміңмен бара жатқандай болмай ма! Бір-бірімізге бауыр баспаймыз! Бүйрегі жұмысын тоқтатқан жандар ел қатарлы той-томалаққа бармайды, үйден ұзап шықпайды, уақтылы ас ішіп, уақтылы демалулары керек. Содан да болар, олар біреумен әңгімелескісі келеді. Жалғыздық пен үнсіздіктен жалығады. Бірақ, созылмалы гемодиализ бөлімінің науқастары бір-бірімен танысып, жақын сөйлесіп, бауыр басуларына болмайды. Оның да өз себебі бар. Ағамыздың айтуынша, оның сыры мынада екен: аппаратта таңулы жатқан жерінен кей науқастар жан тапсырып жататын кез де болып тұрады. Бұндай сәтте ет жүректі адам баласы көзіне жас алып, көңілі босап кететіні бар. Осындай көңіл ауаны физиологиялық құбылысқа айналып, қысым көтеріледі. Ал құрылғыда жатқан адамның қысымы бірқалыпты болуы керек. Көз алдыңда бейтаныс біреудің өлі денесін алып кетіп бара жатқаны кеше ғана қолын қысып, құшағыңа басқан, бауырыңдай болып кеткен жақын адамның мүрдесін шығарып бара жатқанға қарағанда сәл де болсын жеңілірек тиеді. Сондықтан, науқастар бір-бірімен лажы болса таныспай, тілдеспей жүргені лазым. Бата жасауға болмайды... Қазақтың кісі қайтыс болған үйге бата жасап, азын-аулақ тиын-тебен апаратыны бар. Жаңабай ағамыз да ауылдың әдетіне басып, бір жолы өмірден өткен бір науқастың отбасына арнап бата жинатыпты. Шамамен 50-ге жуық кісі қосылса керек, отыз мыңдай теңгенің басы құралыпты. Бірақ қазалы уйге қаржылық қолдауды бас дәрігер жеткізуден бас тартыпты. Онысын әуелде Жаңабай ағамыз дұрыс түсінбесе керек. Кейін барып дәрігердің де онысы дұрыс екендігін мойындапты. Себебі әр бата жиналған сайын науқастар тағы бір науқастың өмірден өткендігін біліп отырады. Бұл -жыл мезгілінің кей кезеңдерінде жиілеп кететін қайғы. Ал ондай хабарды дертті кісілердің білмей-ақ қойғаны жөн. Көңілі бос жандар бұлай ұзақ өмір сүрмейді екенбіз ғой деген ойдан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін. Осының бәрін ескерген мамандар науқастар арасында бата жасалғанын құп көрмепті. Жөн-ақ! «Жығылғанға - жұдырық» «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, араға бір жыл салып, жұқарған денсаулық тағы сыр береді. Ағамыздың денесіне қан шауып, жарты тәні жансызданып қалады. Бұл жолы ол кісіге инсульт деген диагноз қойылады. Баласының алды әлі мектеп бітірмеген Жаңабай ағамыз сол кезде Құдайдан осылар қарақұлақтанып, тым құрығанда мектеп бітіргенінше ғұмыр бере көр деп тілегенін айтады. Себебі, жарты күн ем қабылдау уақытынан кешіксе, бұл кісінің өмір сүруі екіталай еді. Тәңірі тілеуін артығымен беріп, бұл күнде Жаңабай ағамыз сол кезде 9 сынып оқып жүрген ұлының үйленіп, басына шаңырақ көтерген қуанышына да аман жетіпті. Дерттің дауасы - донор Қазіргі таңда диализдік құрылғының көмегіне сүйенген науқастар саны екі мыңға жуық. Бұл науқастардың барлығының бүйрегі істен шыққан, донор бүйрек қана олардың одан әрі өмірін ұзарта алады. Атап айта кетер жайт, соңғы уақытта елімізде ағза алмастыру оталарына деген оң көзқарас қалыптасып, трансплантация мәселелері де шешіліп келеді екен. Астана қаласында бір клиника, Алматы қаласында екі бірдей клиника қазір ағза алмастыру жұмыстарын жолға қойған. Бұрын донордың жоқтығынан елімізде мұндай оталар мүлдем жасалмаса, қазір туыстық донор арқасында оталар саны күн санап көбеюде. Бірақ барлық науқастардың тәуекелге барып, бір бүйрегін беретін ағайын-туысы табыла бермейді. Мұндай жағдайда қалған науқастардың мәселесін әзірге шешу мүмкін болмай отыр. Ел ішінде түсіндіру жұмыстары мен атқарылып жатқан шаралардан соң халқымыз трансплантацияға көзқарасы өзгерген. Туыстық донордың көбейіп келе жатқаны - осының айғағы. Ал алдағы уақытта мәйіттік донор көбейсе, еліміздегі талай науқастың денсаулығы дұрысталар еді. Шын мәнінде, ағза донорлығына зәру адамдар жетерлік. Статистикалық дерек бойынша, дәл қазіргі таңда 2 мыңдай адам диализдік құрылғының арқасында күн көріп жүр. Дәл осынша адамға донор қажет деген сөз. Бұл көрсеткіш анықталған бері де біраз уақыт өткен екен, сондықтан науқастардың саны артқан болуы мүмкін. Әлі де үмітімді үзбеймін! Жаңабай ағамызды таңнан-таңға сүйреп келе жатқан әуелі сүтпен келген қайсар мінезі болса, екінші, өмірге деген құштарлығы! Иә, ол кісі өмірді сүйе білетін жан. Әлі де жаңа түскен келінінің жарық дүниеге сәби әкелгенін көріп, ата атансам деген арманы бар. Бірақ... Астанадағы Жедел жәрдем ҒЗИ-інің гемодиализ бөлімінен ем алатын ағамыз екі күннің бірінде ауылдан қатынайды. Қақаған аязда бұл сау адамның өзіне ауыр тиеді, науқас адам үшін тіпті қиын шаруа. Бірақ, келмеске амал қайсы?! Сол үшін ағамыз елордадан баспана алу кезегіне тіркеліп, талай табалдырықты тоздырған. Бірінші топтың мүгедегі, Астананың тіркеуінде бұрыннан тұр. «Денім сау болса ауылымда-ақ жата берер едім, ем үшін елордаға қоныстануым керек болып тұр», - дейді өзі. Сөз арасында осы күнге дейін шипасын аямай, көмек қолын созып келе жатқан Марат Әубәкіров есімді Жедел жәрдем ҒЗИ-дың гемодиализ бөлімі директорына,осы бөлімнің Мұхтар Байзақов атты меңгерушісіне және Қайрат Төрекеев есімді емдеуші дәрігеріне шексіз алғыс білдіргісі келетінін айтып қалды. Ақ халатты абзал жандар науқастардан емін де жан жылуын да аямайтын көрінеді. Әуелі Алла, одан соң осы дәрігерлердің арқасында күн кешіп келе жатқан жан үшін олардың орыны, әрине, ерекше. Жақында ағамыз «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры мүмкіндігі шектеулі, үйге мұқтаж жандарға баспана беру үшін құжат жинап бастады дегенді естіп, көппен бірге тіркелген. Енді бір айдың көлемінде нәтижесі шығатын көрінеді. Келер күнге деген бар үмітін осы бағдарламаға артыпты. Расымен, бұдан басқа қандай мұқтаждық болуы мүмкін?! Біреуге Астанада пәтерлі болу - тағы бір үйлі болу, енді біреуге - қуаныш, тағы біріне - өміріндегі ең үлкен бақыт! Ал Жаңабай ағамыз үшін ол - ӨМІР! Рас, өмірдің қадірін білмейміз! Әр сәтің, әр секундың - мұңсыз, әр минутың - уайымсыз, әр сағатың - қайғысыз өтіп жатса, ең үлкен мүмкіндік пен ең өлшеусіз бақыт осы ғой! «Ауырмаңыз, аға» дедік. Қолын қысып, сауығып кетуін тіледік. Лайым, қабыл болғай! Ербол ЖАНАТ