Елорда көшелерімен «Жаужүрек полк» колоннасы жүріп өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жаужүрек полк Астана - әлем маршы» акциясына Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгерлердің 20 000-ға жуық ұрпағы атсалысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
None
None

Бүгін Астанада «Жаужүрек полк Астана - әлем маршы» кең ауқымды шеруі өтіп жатыр. 1941-1945 жылдардағы соғыста ерлікпен қаза тапқан батырлардың есімдерін мәңгі ұмытпауға бағытталған дүниежүзілік шараны 20 000-ға жуық елордалық қолдады. Олар екінші Дүниежүзілік соғыста Отан үшін жаумен шайқасқа түскен аталарының, туған-туыстарының рухына тағзым етіп, өз құрметтерін білдірді.

Ұрпақтар маршы осымен бірнеше жыл қатарынан ерікті негізде өткізіліп келеді. «Жаужүрек полк» акциясы елорда әкімдігінің және Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шараны өткізуге 100-ге тарта ерікті атсалысты.

«Бұл жарнамалық шара немесе пиар бастама емес. Оны ұйымдастыруға осы қозғалысты жүректерімен қолдап отырған азаматтар, Екінші дүниежүзілік соғыста жаумен шайқасқан батырлардың ұрпақтары қолдау көрсетті. Және олардың  саны жыл санап артып келеді», - деп мәлім етті «Жаужүрек полк» акциясын өткізу жөніндегі Үйлестіру кеңесінің мүшесі  Н. Иванова.

«Бұл акция алғаш рет Астанада 2015 жылы өткізіліп, ол кезде шеруге 1500 адам қатысты. 2016 жылы қатысушылар саны 7000-ға дейін артты. Биыл 20 000 адамға жуықтады, олар 1,2 км колоннаға тізіліп жүрді. Бұл қатысушылар саны жөнінен ең ауқымды марш», дейді ұйымдастырушылар.

Азаматтар аталарының, әкелері мен ағаларының есімдерін мәңгі ету үшін жүздеген транспарант, фотосуреттер ала келген. Майдан жылдарындағы әндердің сүйемелдеуімен және әскерилендірілген техниканың еріп жүруімен колоннаның бағыты «Қазақ елі» монументінен басталып, Тәуелсіздік даңғылымен жүріп өтті. 

Астаналықтар акция идеясын жете түсініп, дүниежүзілік азаматтық қозғалыстың мән-маңызы жоғары екенін айтады. 

«Биыл мен алғаш рет қатысып жатырмын. Менің екі атам да соғысқа қатысқан. Өз тарихын, өткенін білмейтін адамның болашағы жоқ деп ойлаймын. Сол себепті барлығымыз үшін, өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақ үшін осы оқиғаларды ұмытпай, естелікті мәңгілік ету маңызды», - дейді маршқа қатысушылардың бірі  Ярослав Латышев.

«Жаужүрек полк Астана - әлем маршы» шеруінің бағыты биыл 2,5 км, ал жалпы ұзақтығы шамамен 3,6 км құрады.

Шеру соңында  «Отан қорғаушылар» монументінің алдында барлық қатысушылар бірлесіп «Жеңіс күні» композициясын орындады.

Атап өтерлігі, бүгін бүкіл әлем бойынша екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың ұрпақтары «Жаужүрек полк - әлем маршы» дүниежүзілік акциясына қатысуда. Жылда бұл шараның ауқымы кеңейіп, майданнан оралмаған жауынгерлерге деген құрмет сезімін нығайтып, ардагерлерге әскерде бірге болған қызметтестерін табуға көмектесіп отыр.

Соңғы жаңалықтар