Елорда оқушылары жазушы Қ.Мұхамбетқалиевпен кездесті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен басталған «Бұл кітап әлемі...» атты айлық шара аясында бүгін Астананың оқушылары мен ұстаздары жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұхамбетқалиевпен кездесті.

Елорда оқушылары жазушы Қ.Мұхамбетқалиевпен кездесті (ФОТО)

Қажығали Мұхамбетқалиев қазақ оқырмандарына аудармашы ретінде де жақсы таныс. Қ.Мұхамбетқалиев жапон жазушысы Рюноскэ Акутагава, француз жазушылары Эжен Сю мен Проспер Мэрименің, британ жазушысы Ульям  Моэмның шығармаларын аударған.

Ал, жазушының өзі «әдебиет тірі процесс болғандықтан, әр буынның өз көзқарасы болады» дейді.

«Әдебиет деген - тірі процес. Сондықтан, әдебиетке жаңа буын керек, қазіргі буынның да өз жаңалығы мен ізденісі бар. Жалпы, әдебиеттің заңы бойынша, әр буын өзінің оқырманын ала келеді, әр буын өзінің жеке көзқарасын ала келеді. Сондықтан, осындай кездесулердің барлығы пайдалы ғой деп ойлаймын»,-дейді жазушы.

Аудармашы ретінде қазақ әдебиеті мен шет ел әдебиетін салыстырған Қ.Мұхамбетқалиев: «қазақ әдебиеті мен шет ел әдебиетін салыстыруға болмайды. Себебі, шетелдік жазушылардың өскен менталитеті қазақтың ұлттық менталитетіне сай емес. Бірақ, адамзатқа ортақ сезім мен қасиеттер бар. Солардың барлығын көрсету үшін аударма керек. Кез келген елдің жазушысы белгілі ойға жетелейді»,-дейді Қ.Мұхамбетқалиев.

Айта кетейік, жазушы журналистика саласында да еңбек еткен. Мысалы, ол Ақтөбе облысы телевизия және радио комитетінде, сол облыстың «Коммунизм жолы» газетінде, «Қазақстан» баспасында, «Жұлдыз» журналында жұмыс істеген. Сондай-ақ, «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы, «Жаңа фильм» журналының бас редакторы қызметін атқарды. Соңғы жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде, Парламентте еңбек еткен, «Таңшолпан» журналында да  жұмыс істеді.

null null null null null null