«Елорда жұлдызы» сыйлығының иегерлері марапатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана концерт залында елорданың Арқа төсіне қоныс аударғанына 21 жыл толуына орай бір топ астаналық ұжым марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Айта кетсек, 1997 жылы 10 желтоқсанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елорда Алматы қаласынан Ақмола қаласына ресми түрде көшірілді.

Осы атаулы күнге орай, биыл «Елорда жұлдызы» сыйлығы алғаш рет ұйымдастырылды. Бүгін еліміздің бас қаласының дамуына зор үлес қосқан елордалық ұжымдар мен ұйымдар аталған сыйлықпен марапатталды. Енді бұл сыйлық дәстүрлі түрде табысталып тұрмақ.

Шараның шымылдығы «Astana BALLET» театрының хореографиялық қойылымымен ашылды. 20 жылдың қорытындысы бойынша бірінші марапат осы ұжымға табысталды. 2012 жылы Елбасының бастамасымен негізі қаланған театр сахнасында төрт жылдың ішінде 10 балет қойылымы мен 4 концерттік бағдарлама қойылды.

Одан әрі кешті әнші Диная мен «Астана Опера» ұжымы жалғастырды.  

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры да «Елорда жұлдызы» сыйлығының лауреаты атанды. Қазіргі таңда театр елімізден тыс жерлерде де кеңінен танымал. Оның әрбір премьерасы аншлагпен өтеді.

«ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі де сыйлық иегері атанды. Былтыр жазда өткен көрмеге 100-ден аса мемлекет қатысты. 3 айдың ішінде көрмені 178 елден 4 миллионнан аса турист тамашалаған, оның ішінде 20 мемлекет және үкімет басшысы бар. «Астана Экспо-2017» ҰК басшылығына «Елорда жұлдызын» Астана әкімі Бақыт Сұлтанов табыстады.

«Баршаңызды бүгінгі ерекше тарихи күнмен шын жүректен құттықтаймын. Астананың 20 жылдығын тойлаудың алғашқы шарасы бір жыл бұрын осы жерден бастау алған, бүгін міне соның қорытындысын жасаудамыз. Елбасының 21 жыл бұрын қабылдаған тарихи шешімі, қазірде өзінің тарихи маңыздылығын көрсетті. Оған дәлел шағын ғана облыс орталығының әлем таныған әсем қала - Астанаға айналуы», - деді Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов.

Жоғары білім беру саласы бойынша атаулы сыйлық тек Астананың ғана емес, тұтастай Қазақстанның ұлттық брендіне айналған Назарбаев Университетіне табыс етілді. 2010 жылы студенттерге есігін айқара ашқан білім ордасы бүгінде өзіндік ғылыми базасы бар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі. «Елорда жұлдызы» сыйлығын университет басшылығына ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев табыстады.

Медицина саласы да назардан тыс қалған жоқ. Заманауи медициналық көмек алу үшін өңірлерден елордаға емделуге келетін пациенттер үлесі өткен жылы 60%-ға жуықты құрады, одан бөлек, бүгінде бас қалада 20 мыңға жуық күрделі және бірегей ота жасалған.  Елорданың ғана емес отандық медицинаның дамуына үлес  қосқаны үшін Астанадағы Ұлттық нейрохуриргия және ұлттық кардиохирургия орталықтары «Елорда жұздыздары» марапатына ие болды. 

Мұнымен қоса, Астана - спорттық қала. Оның ішінде Қазақстанның бес дүркін чемпионы, УЕФА Чемпиондар лигасының турнирінде ел намысын қорғайтын жалғыз команда - «Астана» футбол клубы. Сондай-ақ, «Барыс» хоккей клубы да әлем біріншіліктерінде елорданың атынан лайықты өнер көрсетуде. Және де «Астана» велокомандасын да атап өткен жөн. Бұл аталған 3 спорттық ұйымда айтулы сыйлыққа ие болды.  

«Елорда жұлдызы» лауреаттарының бірі «Жастар» театры. Аталмыш мекеменің алғашқы «Шыңғысқан» атты қойылымы 2007 жылы көрерменге жол тартқан болатын. Содан бері театр өз көрермендерін жарқын жаңа қойылымдарымен қуантып келеді, ал әртістері беделді республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде құрметті марапаттар иеленуде. Ерекше айтып өткен жөн бүгінгі кеш барысында «Жастар» театры «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа қойылымды сахналады.

Сонымен қатар, отандық әзіл клубтардың ішінен алғаш рет Мәскеуде Көңілді тапқырлар клубының жоғары лигасының чемпионы атанғаны үшін «Спарта-Номад Астана» КТА командасы «Елорда жұлдызы» сыйлығымен марапатталды.

Кеш барысында Қайрат Баекенов, Ален Самыкен, ағайынды Жүгүнісовтер, Сара Исак, Айнұр Әбдиева және тағы басқа эстрада жұлдыздары өз өнерлерін көрсетті. 

Соңғы жаңалықтар