Елорда жұртшылығына қостанайлықтар рухани байлығын паш етті

Осы шараны Қостанай облыстық мәдениет басқармасы мен Лев Толстой атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырды.
«Туған өлкем - Қостанай» көрмесінен басталған өнер кеші Тобыл өзені бойындағы өңірдің рухани-мәдени жетістіктерін паш етті.
Көрермендерге Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстың қол жеткізген табыстары туралы бейнекөрініс ұсынылды. Осы кеште ақын Нұрғожа Ораз жерінің шұрайлы болғаны өзіне сор боп тиген туған өңірі туралы ой толғады. Жері бай, астықты аймақтың өнердегі байлығы да мол екенін айтты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Сейіл Баймағамбетов өскен өңірдің бүгінгі жетістіктерімен қуанатынын жеткізді.
Л. Толстой атындағы облыстық кітапхананың директоры Гүлжамария Қазина Биыл Қостанай облысының құрылғанына 75 жыл толып отырғанын, осы және ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында осындай шаралар облыс пен аудандарда тұрақты өткізіліп келе жатқанын айтты.
Жері шұрайлы, астығымен әлемге танылған Қостанай-Торғай өңірінен ақын-жазушылар, ғалымдар өте көп шыққан. Ағартушы-ғалымдар Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарыұлы, қоғам қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдос Омарұлы, ақын-жазушылар Нұржан Наушабайұлы, Мұхамеджан Серәлин, Мәриям Хакімжанова, Бейімбет Майлин, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, актерлер Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов және басқа да қазақтың ұлы тұлғалары дүниеге келген.
Осы дарынды арыстарымыздың жолын жалғастырған қаламгерлер де аз емес. Соның бірі - белгілі қазақ ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, аудармашы Ақылбек Шаяхмет.
Астана жұртшылығымен кездескен ақын жаңа өлеңдерімен таныстырды. Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы және ақын Серікбай Оспанов Ақылбекке арнаған өлеңін оқып берді. Жазушы Төлен Әбдіков, ардагер Кеңес Әубәкіровтер сөз алып, Ақылбек Қожаұлы туралы пікір білдірді.
Қостанай қазақ драма теартының әртістері ақынның Ыбырай Алтынсарыұлы туралы драмалық шығармасынан үзінді көрсетті.
Ақынның Астанада тұратын немересі Бекзат Ақылбек атасының сөзіне жазылған «Әдемі» атты әнді шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Кеш соңында ақын А.Шаяхмет ұйымдастырушылар мен жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, жаңа кітаптарын елорданың Ұлттық академиялық кітапханасына табыс етті.