Елордада 2012 жылы электр тарату қуаты сағатына 390 мВт-тан 476 мВт-қа артады

ана. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Қайта екпiн алған құрылыстың қарқынын бәсеңдетпес үшiн һәм қоғам, халық күнделiктi тiршiлiгiнен жаңылмас үшiн қаланың инфрақұрылымы қалыпты жұмыс iстеп тұруы керек. Соның ең бастылары - жол, энергетика және сумен жабдықтау. Кез келген мемлекетте қалың бұқара елдiң саяси-әлеуметтiк, мәдени-рухани дамуына тиiсiнше үлес қоспаса, кедергi келтiрмейдi.
None
None

Күнi бейбiт, тiршiлiгi тыныш болып, қара нанын қайғысыз жесе, соған қанағат етуге бар. Қаланың жолы тегiс болса, ыстық-суық суы бұлақтай ағып, газы мен электрi келiп тұрса, аулада бала-шаға асыр салып ойнап жүрсе, тәубесiнен жаңылмайтын қариялар күншуақтап отырып, елдiң амандығын тiлейдi. Денсаулық күзетiндегiлер қалтқысыз қызмет етсе, жастары таңның атысы, күннiң батысы iлiм-бiлiм iздеп, қартайғанда күтетiн зейнетiнiң бейнетiн атқарып жүрсе, «iзгi қаланың тұрғындарына» одан артық не керек? Халқы осындай қанағатшыл елдiң Үкiметке салатын артық салмағы да жоқ. Ендеше, елорда басшыларына осынау мамыражай тұрмысты одан әрі айшықтап, тұрмысын тұрақтандыру үшін жан-жақты, салалық тiрлiктерiн алаңсыз атқарудан артық не қалды? Әрi бұл күнде әр адам емес, әлем екi қолға бiр күрек iздеп жанығып жүргенде Астана басшылығы атқаруды күтiп тұрған қыруар тiрлiктiң бетiне қарап, қалғып отырар деймiсiң?.. ... Әсiлiнде, жас атаулыға не тән? Әрине, өсу, шыңдалу, толысу, кемелдiкке ұмтылу тән! Бiздiң жас астанамыз да сол сияқты. Ал, жастың қуаты бабында болмаса, қалай өсiп-өркендемек?

Күн санап өсiп жатқан қалаға қуат берiп тұрған электр энергиясы біртін-біртін аздық ете түсуде. Қала басшылары осы кемдiктi толтыру үшiн соңғы төрт жылда осы салаға республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлдірдi. Әрине, осынау қомақты қаржының қуаты аталған саланың даму үрдiсiн бәсеңдеуге жол берген жоқ. Десек те, энергетика құрылымында шешiмiн күткен мәселе әлi-дағы шаш-етектен. Өткен жылы энергокешендi дамытуға республикалық бюджеттен 14,5 млрд теңге бөлiнген. Соның арқасында №1 және №2 Жылу-электр орталығында электр қуатын арттыруды жұмылдыру жолға қойылды. Әсiресе №2 ЖЭО-нда жұмыс қарқынды жүргiзiлдi. Мұнда жаңадан турбина мен қазандық iске қосылды. Соның нәтижесiнде оның қуаттылығы 1 370 Гкал және 360 МВт-қа артты. Сондай-ақ, 110/10 кВт қуатпен жұмыс iстеп тұрған «Западная», «Школьная», «Киров» және «№1 ЖЭО-дағы ашық тарату құрылғысы» атты төрт подстансыға қайта жөндеу жүргiзiлiп, 54 шақырым электр тарату желiсi жүргізілді. Оның сыртында «Арғыбет Жаңа», «Жұлдыз», «Олимпиадалық» деп аталатын жаңа электрподстансының құрылысы тәмамдалып, ұзындығы 6 шақырым болатын кәбілдi арна мен 9 шақырымннан асатын магистральды жылу желiсi тартылды. Елорданың дамуы жайында қайта-қайта оралып соғып жүрген Елбасы бұл жайында жыл басында кеңейтiлген мәжiлiсте энергия кешенінiң жайын тағы қаперге салды. Себебi энергияның қуатынсыз қала құрылысын дамыту мүмкiн емес. Тек құрылыс қана емес, барша инженерлiк инфрақұрылым электр қуатынсыз бiр шаруа жасай алмайды. Энергия ресурсы қат болған сайын электр желiлерi де ақаулы және электр тарату қымбаттауға соқтырады. Рас, бұл мәселенi оң шешу үшiн қаланың қай басшысы болсын, барын салып келедi. Бiрақ, бүгiнгi қала басшылығы бұл мәселені шешуге басқа қырынан келiп отыр. Өйтпесе, болмайды. Әбден ширыққан электр қуатын тиiсiнше тарату мәселесi реттеу шарт. Ол әкiмдiк мамандарының бiлiктiлiгiнiң кемдiгiнен немесе салғырттығынан болмауы да мүмкін. Әу баста елорда дәл бүгiнгiдей қарқынмен дами қояды деп кім болжаған, энергетикалық қуаттың өзi «есептен жаңылып» қалды.

 Сонымен, бүгiнгi таңда электр қуатының жетiспеушiлiгi 100 М/ватт, ал жылу беру 224 Г/кал деңгейiнде қалып отыр. Бұл жағдай екi жылдан кейiн әбден шарықтау шегiне жетуi кәдік. Оған жол бермеуге және оның алдын алу мақсатында 2011 жылға дейiн кәзiргi қуатты реттеу үшiн және осы әлеуеттi мүмкiндiгiнше арттыру үшiн 258,9 млрд теңге керек. Оның 102 млрд теңгесi жылу-энергетика жүйелерiн дамытуға, 61 млрд теңге сумен жабдықтауға және су бұрғылауға қажет. Магистральдық инженерлiк коммуникация құрылысына 95,0 млрд теңге керек. Әрине, бұлар iске асырылса, қаншама тірлік арқадан түсер едi. Дегенмен, нақтылы шаралармен жұмыс бiтпейдi. Оны жүзеге асыруды ойластыруы керек. Энергияны жүйелi тарататын іргелi, кешендi құрылыс салу қажет болады. Ең алдымен, №1 ЖЭО-ға жаңа энергия көзiн, яғни 240 МВт-қа тең электр энергиясын тарататын және сағатына 860 Гкал қуатпен жылу беруге қабiлеттi аса қуатты жаңа станса салу көзделуде. Стратегиялық маңызы зор нысанның құрылысы қарымды инвестициясыз бiте қоймайды. Осы жобаға қатысты шаралар қолға алынды. Сәтін салса, биыл бастапқы жұмыс басталмақ. №1 және №2 Жылу-электр орталығында жылу және электр қуатын тарату жөнiндегi жұмыстарды мерзiмiнде атқару үшiн биыл 14 млрд теңге бөлiндi. Бұл қаражат су ысытатын төрт қазандықтың құрылысы мен сорғы стансысы және турбина мен қазандықтың құрылысына арналып берiлдi. №2 ЖЭО-да өндiрiлген жаңа жылу қуатын тарату үшiн биыл ұзындығы 14 шақырым болатын жылу магистарылының құрылысы аяқталып, «Жаңа жол» жаңа подстансысы берiлмек. Сондай-ақ 110/10 кВт қуатпен жұмыс iстеп тұрған екi подстансыны реконструкцияланады. Бұлардан бөлек Молдағұлова, Мирзоян және Абылай хан атындағы және Потанин көшесiндегi жаңа жылу трассалары мен жұмыс iстеп тұрған жылу трассаларын жөндеу жоспарланды. Сонымен бiрге, 110/10 кВт қуатпен жұмыс істеп тұрған «Городская» және «Промзона» подсатнсыларын реконстукциялау жоспарланған. Солайша, осы жұмыстар толығымен іске асса, 2012 жылы жылу энергиясын өндіру сағатына 1810 Гкал қуатқа жеткізіліп, электр тарату 476 мВт деңгейге артады. Елорданы энергиямен тиімді қамтамасыз ету үшін осы жұмыстармен қатар, Астананы қоршай шеңбер тәрізді қуаты 220 КВ болатын электр тарататын линияның құрылысын салудың толғағы пісті. Өйткені бұл жобаның маңызы Астана үшін өте зор болып тұр. Себебі кәзіргі таңда қала «қарбалас сәтте» сағатына 390 мВт электр қуатын таратса, бүгінгі пайдаланып жүрген желілер арқылы 460 сағатына мВт электр энергиясы жөнелтілетін еді.

Ал су болмаса, қуатты қайдан аламыз? Пәтеріміздегі «құлағын бұрап» бөгеп отырған су бір күн құрғап қалсыншы, «ауыл қайда, су қайдалап», дүкенге лап қоямыз. Таңдайыңа жабысқақ шөлді басу үшін «бір тамшы көздің жасындай» ылғал іздеп безектеп кететініміз қайда? Сонымен, қалада сумен қамтамасыз ету мәселесінде де толғақты мәселе аса көп. Егер 2011 жылы қала тұрғындары 770 мың адамға жетсе, 109 млн текшеметр су қажет болады. Тәулігіне есептегенде, 300 мың текшеметр су келіп тұрмаса, қиын. Себебі судың тапшығылы нақ сол кезде анық білінетін болады. Мамандардың айтуынша, сол кезде жылына 50 млн текшеметр су жетіспейтін болды. Мұның ішінде күнделікті тұтынатын су да бар. Бұл мәселені шешуді шұғыл қолға алмаса, су мәселесі «құрғап қалуы» кәдік. Алдағы күнді ойлайтын болсақ, резервке сақтайтын су көздерінің құрылысын салмай болмайды. Ол үшін Қ. Сәтбаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін 165 км су арнасын пайдалануға беру қажет. Алдын ала есептеулерге қарағанда, нысанның құрылысына 60,0 млрд теңге керек екен. 2011 жылға дейін осы каналдан Астана су қоймасына су тарту үшін алғашқы жүз шақырымдық учаскені салуды бастау ойда бар. Оның сыртында сумен қамтамасыз ету үшін су беру жүйесінің ұзындығы 51 шақырым болатын 2-желісі биыл бітуге тиісті. Елорданы сумен қамтамасыз етуді дамытумен қатар, кәріз жүйелерін реттеу жайы да өте өзекті мәселе. 2007 жылы басталған Жапон банкiнен берiлген 43,5 млрд теңге заемның есебiнен «Астана қаласын сумен жабдықтау және оның кәрiз жүйелерi» жобасын атқару одан әрі жалғасып келеді. 2008 жылы оның 10,2 млрд теңгесi игерiлдi. Өткен жылға белгіленген жұмыс толығымен тәмамдалды. Ендігі ауқымды міндет Астананың су қоймасындағы су өткізу қуатын тәулігіне 210 мың текшеметрге жеткізетін стансының құрылысын қайта жөндеп, кәріздік-су тазарту құрылғыларын және сорғы-сүзгі стансының қуаттылығын бүгінгі мөлшерден асырып, тәулігіне 300 мың текшеметрге жететіндей етіп қайта жөндеуге және тисінше қайта салу жайы қарастырылды. Кәріздік-сорғы стансысын күрделі жөндемей болмайды. Сондай-ақ жеке пәтерлердегідей, көп қабатты үйлерге де жалпылама су есептегіш қондырылады. Су есептегіш әр пәтерге тегін қойылады. Мұның пайдасы суды үнемдеуге және су пайдаланудың бағасын өзгертуге, яғни азайтуға септігін тигізеді. Сонымен, биыл 89,9 шақырым магистральдық су жүргізу желісі және 8 шақырымнан астам кәріздік коллектордың құрылысы салынады. Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы бір күннің шарасы немесе шаруасы емес, 2020 жылы елордада тоқтам судың (лас су) көлемі екі жарым есе асады деген болжам бар. Демек, кәріздік-тазалау құрылғыларының техникалық ресурсын одан әрі арттыруды талап етеді. «Талдыкөл» тоқтам-өзенін жою жобасы аяқталды. Екінші кезектегі жұмыс та мәреге таяу. Мамандар күнделікті тұтынатын судан қалған лас суларды тазалау технологиясы анықтап, оны бау-бақша суаруға және техникалық қажеттіліктерге пайдалануды қарастырып жатыр. Шілденің 1-інен бастап Қарабидайық тоғанына тазартылған 30 млн. текшеметр су жіберілетін болады. Бірақ, мұнымен шаруа түбегейлі шешіле салмайды. Бұл турасында министрліктер мен ведомство басшылары және ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары лас суларды пайдаға қалай асыру жөнінде тиімді нұсқа іздеп жатыр. Қала басшылары бұл мәселені 2016 жылға дайін шешуді межелеп отыр.

Соңғы жаңалықтар
Референдум