Елордада 27 тіл жанашыры марапатталды

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Тұңғыш Президентінің музейінде 27 адамға «Тіл жанашыры» құрмет белгісі табысталды.
None
None

Атап айтқанда, күнделікті өмірде мемлекеттік тілді дәріптеуге ерекше көңіл бөлетін жазушыларға, кәсіпкерлерге, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне, ғалымдар мен оқытушыларға. Бұл туралы astana.kz сайтына Назарбаев Орталығының ақпараттық-имиджілік жұмыс қызметінен хабарлады.

Биыл облыс әкімшіліктері, қоғамдық ұйымдар мен мекемелері осы белгімен марапаттауға еліміздің түкпір-түкпірінен 100 жуық адамның кандидатурасын ұсынды, бірақ марапатқа 27 қатысушы ғана ие болды.

«Осындай семинарлар мен іс-шаралардың өткізілуін қазақ тіліне жасалып жатқан қамқорлық деп қабылдау керек. «Тілге құрмет - елге құрмет». Елдің елдігі оның намысы мен ұлтжандылығынан білінеді. Олар туған тілге деген құрметті перзенттік парыз деп біледі», - деді Маңғыстау облысы педагогикалық қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыру институты деңгейлiк бағдарламалар орталығының жетекшiсi Жамиға Нығмет.

Айта кетейік, «Тіл жанашыры» құрмет белгісі алғаш рет шетелдік ғалымдарға да берілді. Атап айтқанда, Түркия профессоры Әбдуахаб Қара, Еуропа қыпшақтары қауымдастығының президенті Вад Ласло, Оңтүстік Корея Ханкук университетінің профессоры Йун Си Нэ, Мюнхен университетінің профессоры Қайум Кесижи, Индиана университетінің профессоры Уильям Фиерман аталған құрмет белгісімен марапатталды.

Еске сала кетейік, «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің аталмыш наградасы қазақ тілінің өркендеуіне атсалысып жүрген азаматтарды ынталандыруды көздейді.

Соңғы жаңалықтар